Мен сенің өміріңнің жалғасымын. Осындай атаумен Петропавлда облыстық әкелер форумы өтті. Тәрбиелік мәні зор іс-шарада отбасындағы әкенің рөлі, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық қолдау жайында кеңінен сөз болды. Оған қоса, жиынға ұйытқы болған «Сенімен Болашақ» Республикалық Қоғамдық бірлестігі ата-аналарға арналған тәрбие құралы РЕТінде алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарып, көпшілік назарына көрме ұсынды.


Аймағымызда алғаш ұйымдастырылған облыстық форумға зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, ардагерлер, сондай-ақ 200-ден астам белсенді әке қатысты. Еркін форматтағы әкелер форумы пленарлық және сессиялық бағытта өтті. Ондағы мақсат – жалпы қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру.


НҰРКЕН АСАНОВ, «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» РҚБ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ, ИДЕЯ АВТОРЫ:

 Білім басқармасы Сенімен болашақ ата-аналар Қоғамдық бірлестігімен бірге бүкіл әкелерге форум ұйымдастырды. Бұл бүгін ғана жиналған нәрсе емес, бұл бір жыл бұрын мектеп-мектепті аралап, семинарлар ұйымдастырғанның нәтижесі. Әр мектепке барып, бұл нәрселер айтылды, насихатталды. Соны бүгінгі қортынды кездесу деп санауға болады.


Іс-шараға 16 филиалы және 247 сарапшысы, 130-мың мүшесі бар

«Сенімен Болашақ» Республикалық Қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Бұл ұйым ата-аналардың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарған. Көрмеде форумға қатысушылар Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабын, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ» кітабын, Ахмет Байтұрсыновтың Ел бүгіншіл, менікі үшін атты еңбегін тамашалады. Оған қоса Баянауыл өлкесінің алаш зиялысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 5 томдық еңбегі қайта басып шығарылып, 100 мектеп, 100 кітапханаға, 100 университетке бірлестік тарапынан тегін таратылған.


ШЕРХАН ЖҰМАБЕКҰЛЫ, «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» РҚБ АСТАНА ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 Екінші бағытымыз, бүгінгі таңда алаш зиялыларының еңбектерін қайта басып шығарып, ата-анаға педагогикалық-психологиялық қолдау бағытында осындай ағартушылардың еңбектерін жарыққа шығару. Мысалға, мына жерде бізде Жүсіпбек Аймауытовтың Тәрбиеге жетекші кітабы 100 жылдан кейін қайта басып шығарылып, республика көлемінде 2000 данадан таратылған болатын. Бүгінде бірлестік тарапынан 8 кітап басып шығарылды, 4 симпозиум жүргізілді.


 Сонымен қатар бүгінгі іс-шарада психологтар әкелермен кездесіп, бала өміріндегі әкенің рөлі жайында тренингтер өткізді. Жалпы маңызды форум енді жыл сайын өткізіледі деп жоспарланып отыр.


Толғанай Бейсенбаева