Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде «Үздік шебер» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Сайысқа түрлі саланың тұтқасын ұстаған жас мамандар қатысты. Олар дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, сылақшы, флорист және аспаз сынды 5 аталымда өзара мықтыны анықтады.
Алексей Басаргин тас қалаушы. Бұл салада 6 жылдан бері еңбек етіп келеді. Арнайы білімі болмаса да бұл мамандықтың қыр-сырын үйреніп алған. Жас жігіттің сөзінше бүгінгі күні тас қалаушы мамандар тапшы. Алексей қаламызда жаңадан бой көтерген бірқатар нысанда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған.
АЛЕКСЕЙ БАСАРГИН, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
- Бұл мамандық бізге қажет. Оның үстіне қала жылдан жылға көркейіп, өсіп келеді. Ал, мұндай байқаулар жас мамандарға қабілеттерің шыңдауда жақсы мүмкіндік.
Ал, Елдар Түлешов Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде 3 курста білім алады. Мамандығы сантехник. Жас жігіт бұған дейін де түрлі сайыстарға қатысқан. Сондықтан, бұл байқауда қарсыластарына қарағанда берілген тапсырманы жылдам, әрі сапалы орындай алды. Жігіт үздік сантехник атанудан үміткер. Мұндай байқауға қатысу білікті мамандардан тәжірибе жинауға және өз білімін сынап көруге үлкен мүмкіндік береді дейді Елдар.
ЕЛДАР ТҮЛЕШОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:
- Бізге берілген тапсырма шаруашылық торабты жинау. Оған қол жуғыш, ванна және унитаз кіреді. Басты міндет барлық жабдықты бір-біріне дұрыс және жылдам жалғау.
Шаһарда «Үздік шебер» байқауы осымен бесінші рет өткізіліп отыр. Оның басты мақсаты - жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру.
ДАМИР АБДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Байқаудың басты мақсаты жастарды еңбекке баулып, дәнекерлеуші, сылақшы, флорист, аспаз сынды мамандықтың түр-түрімен жақынырақ таныстыру, мәртебесін арттыру. Себебі бүгінгі күні бұл мамандықтарға деген сұраныс аз. Сонымен қатар, қыз-жігіттерге қызмет көрсету саласында еңбек етуге болатындығын көрсету.
Ал, байқау жеңімпаздары қыркүйектің 22-і анықталады. Жүлдегерлер құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Майгүл Сейілбек