«Жас Өркен» шағын ауданындағы жаңа көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары 4 жылдан бері электр қуатының жиі істен шығатынына шағымданады. Жамбыл көшесі, 80 мекенжайында орналасқан 9 қабатты үй 2019 жылы пайдалануға берілген. Алайда, баспаналы болған қызылжарлықтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Бірден электр қуатына қатысты проблема туындады. Арнамызыдң түсіру тобы көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, мәселенін мән-жайын анықтап көрді.


Жамбыл көшесі, 80 мекенжайындағы 330 көппәтерлі тұрғын үй резервтік кабельге қосылған. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, мұнда электр қуаты үнемі істен шығады екен. Бұдан бөлек тағы бір мәселе бар. Олар газбен қамтамасыз етілмеген. Салдарынан, жарықсыз қалған азаматтар астарын да әзірлей алмайды.


ГҮЛЗИРА СЕРКЕНОВА, ПӘТЕР ТҰРҒЫНЫ:

– 14 қыркүйек күні таңғы 7:00-ден бастап кешкі 21:00-ге дейін жарықсыз қалдық. Құзырлы органның барлығына хабарласып, біздің кабель резервте екенін айттық. Сол себепті тұрақты қосалқы станциясына қосуды өтіндік. Оның үстіне жақын жерде салынып жатқан көпқабатты үйлердің де саны көп.


Тұрғындардың айтуынша жыл басынан бері электр жарығы кемінде 10 рет үзіледі. Ғимараттағы жедел сатының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты зейнеткерлер жоғарғы қабатқа өздері көтерілуге мәжбүр.


ШОЛПАН БИІСОВА, ПӘТЕР ТҰРҒЫНЫ:

- Менің жасым 65те. Үйіміздегі жарық үнемі сөніп қала береді.Бізге қиын. Бұл көпқабатты тұрғын үйде кішкентай балалар да, кәрі ата-әжелер де тұрады. Бұл үйде жылу да, газда барлығы тоқпен. Жарық сөнсе біз жылусыз, тамақсыз қаламыз. Осы мәселені шешіп берсе екен. Біз жасарымызды жасаған, асарымызды асаған кісіміз. Бізге тыныштық керек.


Бұл проблемадан әкімдік өкілдері хабардар. Олар жағдайды былай деп түсіндірді.


 БЕРІК ТЕМІРБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазіргі таңда Горкий көшесі жаңғыртудан өтіп жатыр. Нөсер кәрізін орнату кезінде осы үйдің кабелі зақымданған. Қазіргі таңда апат толығымен жойылды.


Алайда, әкімдік өкілдері неліктен бұл проблеманың 4 жылға созылып кеткенін айтып түсіндіре алмады.