Соңғы уақытта балалардың терезеден құлау фактісі жиілеп кетті. Осындай жазатайым оқиғалардың алдын-алу мақсатында Қызылжар ауданында «Қауіпсіз терезе» акциясы өтті. Науқанды аудан прокуратурасы мен білім бөлімі ұйымдастырған. Әріптесімнің сюжетіне зер салайық.


 Акция барысында ұйымдастырушылар терезе бекіткіштеріне арнайы қаражат бөлді. Нәтижесінде, аудан орталығында тұратын 5 отбасының үйінің терезесіне арнайы құлып орнатылды. Соның ішінде «Онтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасымен өңірге көшіп келген отбасылар да бар.


АЙНҰР АХМЕТ, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Мен бағдарлама бойынша өңірге көшіп келген көпбалалы анамын. Осында бізге 2 этаждық үй берілді. Кішкентай балам терезеден құлап кетпесін деп алаңдап отырамын. Жаңалықтардан да балалардың құлағаны туралы жайсыз хабарларды естіген болатынмын. Қызылжар ауданының білім басқармасына тереземізге бекіткішті тегін орнатып бергеніне алғыс білдіремін.


 Оқыс жайттардың алдын алу мақсатында мұндай шара ауданда жыл сайын өтеді. Маңызды акцияны Қызылжар аудандық прокуратурасы білім бөлімімен бірлесе отырып ұйымдастырды.


АРАЙЛЫМ ҚҰСАИНОВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

– «Қызылжар аудандық білім беру ұйымдарында да профилактикалық шаралар, сынып сағаттары, флешмобтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балалар үшін арнайы мультфильм көрсетілді. Сондай-ақ акция аясында балаларды терезелері ашық бөлмелерде қалдырмай, қырағы болу керектігі айтылып, талқыланды.»


 Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.