Қазанның 1-і мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. СҚО бойынша ішкі кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек бүгінгі күні облыс аумағында 5 мың жерлесіміздің салық төлемегені үшін 10 млн теңге көлемінде берешегі бар. Ал, Петропавлда 153 866 объект тіркелген. Осыған байланысты 82 мыңнан астам жеке тұлғаға 115 млн теңге сомасында мүлік салығы есептелген.


 Қазақстан Республикасының аумағында салық салу объектілері: тұрғын үйлер, ғимараттар, саяжай құрылыстары, гараждар және оларға меншік құқығымен тиесілі өзге де құрылыстар, құрылыстар, үй-жайлар, жер учаскелері бар жеке тұлғалар салық төлеушілер болып табылады.Шілде айынан бастап аумақтық мемлекеттік кірістер органдары салық сомасы туралы хабарламаларды тұрғындар арасында таратып, салықты уақытылы төлемеген жағдайда қолданылатын шараларды еске салуда.


СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

-Тұрғындар қанша салық төлейтіндіктерінен хабардар. Сонымен қатар, бұл мәліметтер e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында қол жетімді. Азаматтар хабарлама келген күннен 30 күн ішінде мүлік салығын өтеулері тиіс. Егер берешек 1 АЕК-тен асатын болса, салық органы салық бұйрығын шығарады. Оны орындау үшін сот орындаушысына жібереді.


 Сот орындаушысы алдымен берешегі бар салық төлеушіге қатысты шара қолданады. Яғни, қарыз үстіне өсімпұл қосылуы немесе шоттар бұғатталуы мүмкін. Бұдан бөлек департамент мамандарының декларацияны электронды түрде тапсыру мерзімі 15 қыркүйекте аяқталатынын еске салады. Декларацияны: «салық төлеушінің кабинетінде», электрондық үкімет порталында, мобильді қосымшаларда – e-Salyq Azamat, eGov mobile, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында тапсыруға болады.


СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

-  Декларацияны салық міндеттемесінде белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген: бірінші рет-ескерту, бір жыл ішінде 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төленеді.


 Ал, декларацияда толық не болмаса анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін азаматтарға бірінші рет-ескерту жасалып, екінші рет 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.


Майгүл Сейілбек