Қазақстандағы ең көне саябақтардың бірі Петропавл қаласында орналасқан. Нысанның 150 жылдан астам тарихы бар. Ашық аспан астындағы демалыс орны әр маусымда орта есеппен 50 мың отбасын қарсы алады.


 Саябақ күн сайын балғындардың шат-шадыман күлкісіне толы. Демалыс орнына жиі келетіндердің бірі 8 баланың анасы Батба Қалдыбекова. Бұл отбасы - «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түркістан облысынан қоныс аударған.


 БАТБА ҚАЛДЫБЕКОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

Балдарымыздың керемет демалатын орны. Жақсы көңіл-күймен келеміз, жақсы көңіл-күймен қайтамыз. Жақсы әсерде боламыз. Аллаға шүкір, осындай Қазақстанымызда керемет парктер бар.


 Саябақ әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілерге арналған көше - Қазақстан Конституциясы көшесінде орналасқан. Жан-жағын жайқалып өскен ақ қайың мен терек ағаштары көмкерген.


КҮЛБАРШЫН СӘПИЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

70-ші жылдары жас кезімізде осы жерге келіп тұратынбыз. Ол кезде басқаша болды. Қазір енді Құдайға шүкір. Мынау жаңа Қазақстан деп жатыр ғой, барлығы жаңадан түлек жатыр, еліміз көркейіп жатыр. Мынау Қызылжар қаласы өте қатты өсіп жатыр. Қазіргі балалар өте бақытты.


 Нысан әкімшілігінің айтуынша демалыс орнына шетелдіктер де жиі келеді. Түрлі жас ерекшелігіне арналған 40-қа жуық аттракцион жұмыс істеп тұр.


НЕСІБЕЛІ НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ:

Мен осы аттракциондарға жиі келемін. Маған өте қатты ұнайды. Бүкіл бауырларыммен келіп, аттаракциондарға мінемін.


 Саябақтағы ең үлкен аттракцион – шолу дөңгелегі. Оның көмегімен 27 метр биіктікке көтеріліп, әсем шаһарды тамашалауға болады.


 АЛЕКСАНДР КОЗЛОВ, САЯБАҚ ДИРЕКТОРЫ:

Аударма Қала тұрғындарының барлығы жаз бойы осында демалады. Аттракциондарды жаңалап отырамыз. Жыл сайын қайырымдылық жасап, жағдайы төмен отбасылардың балаларына тегін билет таратамыз. Қазақстанда ашық аспан астында жұмыс істейтін саябақтар санаулы ғана.


 Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын көктемде аттракциондар сынақтан өткізіледі. Саябақ күзге дейін жұмыс істейді.