Еліміздің астық егетін негізгі өңірлерінде екі апта бойы жаңбырдың толастамауы салдарынан диқандар дәнді дақылдарды жинай алмай отыр. Биылғы жазда күннің ыстық болуына байланысты, бидай ерте піскен болатын. Бірақ Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа райының қолайсыздығынан егін алқаптарында жұмыс тоқтап тұр.


 Тамыз айында біздің өңірде түскен жауын-шашынның мөлшері шамамен 52 мм болды. Бұл нормадан 108% жоғары. Егістіктердегі жоғары ылғалдылық орақ науқанын едәуір қиындатты. 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін алқаптардағы барлық жұмыстар уақытша тоқтатылды, кейін күн ашылып диқандарға егін жинауды жалғастыруға мүмкіндік берді. Бірақ бұл ұзаққа созылмады. Демалыс күндері аймақта жауын-шашын қайта жалғасты. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1 млн гектардан астам аумақта дәнді және дәнді бұршақ дақылдар жиналды, бұл барлық өнімнің 30% ғана. Өңірде өнімділігі сағатына 10 мың тоннаға жуық 317 астық кептіргіш бар. Олардың барлығы жұмысқа кірісті. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігінде өңірлерде астықты кептіру үшін қосымша арзандатылған дизель отынын бөлу мәселесі қарастырылуда.