Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1400-дей әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. 296 құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды. Облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасында атап өткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу – учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы басым бағыттардың бірі.
1 шілдеден бастап отбасылық жанжалқойларға қатысты жауапкершілік қатаңдатылды; полиция қызметкерлері бұрын тек арыз жазылған жағдайда ғана шара қолданатын.
- Так, вынесено защитное предписание которое действует в течение 30 суток. Вот, здесь расписывайтесь
№ 8 учаскелік полиция пунктіне Уәлиханов көшесіндегі жатақханалардың бірінің 76 жастағы тұрғыны хабарласты. Қарт әйелдің айтуынша, оның 52 жастағы ұлы маскүнемдікке салынған. Үйде жиі жанжал шығаруды әдетке айналдырған. Нәтижесінде ер адамға қатысты қорғау нұсқамасы жазылып, әкімшілік заңнаманың бірден үш бабы– отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны, сот шешімін орындамағаны, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені және масаң күйде жүргені үшін хаттама толтырылды. Сот шешімімен ер адамға 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалып, қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды.
Баян Байғаскина, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
- Біріншіден, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арызданудан анықтау сипатына көшу. Яғни, ұсынылып отырған түзетулер жәбірленушілердің арызынсыз (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының және бейнетіркегіштерінің жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот шығарады.
Бұрын отбасылық жанжал фактісі бойынша жиналған материалдардың жартысына жуығы сот отырысында татуласуға және жәбірленушінің өз жауабын өзгертуіне байланысты тоқтатылатын. Жәбір көргендер жанжал шығарушының не болмаса туыстарының қысымымен жауабын өзгертетін. Енді тек бір рет қана сот арқылы татуласуға болады. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты барлық сұрақтар бойынша солтүстікқазақстандықтар өздерінің учаскелік полиция инспекторларына, 150 нөмірі арқылы республикалық call-орталыққа, +7-777-504-77-73 нөмірі арқылы әйелдерді қолдау орталығына немесе «102» арнасына жүгіне алады.