Аналар күні - әлемге кең таралған мерекелердің бірі. Қазіргі таңда бұл күнді әлемнің барлық мемлекеті атап өтеді. Олардың ішінде Түркия елі де бар. Бүгін, Қазақстан Халқы Ассамблеясы орталығында Түрік мәдениеті қоғамдық бірлестігі осыған орай әдеби музыкалық кеш өткізді.


 Аналар күні мерекесінің шығу тарихы тереңде жатыр. 1907 жылы Анна Джарвис есімді қоғам белсендісінің арқасында Аналар күнін өткізу бастамасы көтерілді. 1910 жылы бұл мейрам ресми түрде Вирджиния штатында аталып өтсе, ал 1914 жылдан бастап толықтай АҚШ мемлекетінде тойлана бастады.


ДИЛЯРА ХАСАНОВА, «ТҮРІК МӘДЕНИЕТІ» ҚБ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- «Біз бүгін аналар күнін тойлап жатырмыз . Бұл мереке Түркия мемлекетінде аталып өтті, біз кеш болсада аналарымызға мереке сыйлайық деп шештік. Биылғы таңдауымыз әдеби музыкалық кеш. Бұл аналарға қатты ұнайды деген ойдамын»


 Түркия елінде Аналар күні 1955 жылдан бері тойланып келеді. Бауырлас мемлекет балалар бойында кішкентайынан аналарына деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастырады. Мерекелік іс-шараға қатысып жатқандардың қатарында Фатали Чахалов та бар.


ФАТАЛИ ЧАХАЛОВ, №17 ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

- «Біз бүгін Түрік мемлекетінің мейрамы аналар күнін тойлап жатырмыз. Жалпы бұл мен үшін өте маңызды мерекелердің бірі. Іс-шараға менің туған-туыстарым келіп отыр, анам да бар. Жалпы барша аналарды Аналар күнімен құттықтаймын. Бүгінгі кішігірім ұйымдастырылған музыкалық әдеби кешіміз олардың көңіл күйін көтеріп, жақсы әсер қалдырады деген ойдамын.»


Кеш барысында қазақ, орыс, түрік, украин өлеңдері шырқалды.