Өңірде балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлері ашылып жатыр. Биыл облыстағы 15 демалыс орнының 12-сі кішкентай демалушыларды қабылдамақ. Әрқайсысында 10-14 күндік бес ауысым болады деп жоспарланған. Алғашқы болып Қызылжар ауданындағы «Серебрянный бор» жазғы сауықтыру лагері есігін айқара ашты.


Күндіз - спорттық ойындар, түрлі конкурстар мен үйірмелер, ал кешке - би. «Серебряный бор» сауықтыру лагері балаларға есігін айқара ашты. Естеріңізге сала кетсек, лагерь пандемияға байланысты жабылып, 4 жыл бойы жұмыс істемеген еді.


Лагерьге бірінші лек келді. Қазір 100-ге жуық бала демалуда. Бәрі - Мамлют ауданынан. Кеше ғана келсе де олар бір-бірімен танысып, достасып үлгеріпті. Тәрбиешілер балалар белсенді, көңілді және тәрбиелі дейді.


РАЙХАН СЕРАЛИНА, "Серебряный бор" сауықтыру лагерінің ұйымдастырушысы:

- Балалар адамға жақын, бір-бірімен бірден тіл табысып кетті. Ұл-қыздардың дені - 4-8-ші сынып оқушылары. Жалпы, лагерь аумағында 4 корпус бар. 2-еуі 30 адамға шақталған, қалған 2 корпустың әрқайсысы 20 адамға арналған. Сонымен қатар, асхана, медициналық пункт, клуб, сахна да бар. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қадағалайтын учаскелік инспектор жұмыс істейді.


Құралай Базарбай лагерьге әпкесімен келіп отыр. Қыздарға ортаға үйренісу қиынға соқпапты.


ҚҰРАЛАЙ БАЗАРБАЙ:

- Кеше біз доппен ойнадық, дискотека болды, асханада тамақ та жақсы. Бүгін қазақ тілі сабағында болдық. Жалпы, маған лагерь ұнады. Мектептен 7 бала келдік.


Жалпы дерекпен де бөлісейік. Ағымдағы жазда лагерьлерге 20 175 теріскейлік бала бармақ. Бұған жергілікті бюджеттен 92 млн теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Облыс аумағындағы мектептерде де жұмыс жүргізіледі. Білім ошақтары маңында арнайы алаңқайлар құрылған. Оларла ұл-қыздар уақыттарын тиімді өткізбек.


МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

-  Балалардың жазғы демалысына республикалық бюджеттен де ақша бөлінеді. Биыл 352 баланың демалуына, сауығуына қаржы қарастырылған. Біз өңірдегі ұл-қыздарды, аудандарға және елордаға да апаруды жоспарлап отырмыз. Онда жеткіншектер ескерткіштермен, киелі орындармен танысады.


Биыл 11 лагерь ұл-қыздарға есігін ашпақ. Әзірге, бесеуі бала қабылдапты. Қалғаны осы аптаның соңында жұмысын бастайды. Жоспарланған шаралардың барлығын қоса алғанда, 1-ші мен 10-шы сынып аралығындағы солтүстікқазақстандық балалардың 96 пайызы жазғы демалыспен қамтылады.