Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жеке кәсіпкерлік нысандары көбейген. Жақында ауыл тұрғыны дәмхана ашты. Құрылысты бітіру үшін кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгініп, төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алды.


 Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Алмаз Әбіләзиев жылдар бойы армандаған дәмханасын ашты. Қоғамдық тамақтану орнын «Ақ жол» деп атаған кәсіпкер оны 5 жыл бойы салды. 2017 жылы өз ақшасына жер телімін сатып алған ол, былтыр құрылысты аяқтады. Дәмханының ішін жабдықтауға қаражат қажет болғандықтан «Даму» қорына жүгініп, нәтижесінде 6 пайыздық мөлшерлемемен 18 млн теңге несие алды.


АЛМАЗ ӘБІЛӘЗИЕВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- «Дамудың қолдауымен осындай кәсіпті бастадық.Жанұялық кәсіп істеп жатырмыз.Арнайы вип залы бар 15 кісіге дейін қабылдай аламыз.Кісілер мұнда күнделікті келеді тағамдарға ризашылығын білдіріп айтып кетеді барлығы.»


Дәмханада 30 орынға арналған банкет залы мен қосымша тамақтанатын 2 бөлме бар. Бөлмелер барлық қажетті жиһазбен қамтылған. Жалпы дәмхананың құрылысына кәсіпкер 40 млн теңге жұмсаған. Бүгінгі күні «Ақ жол» дәмханасында 6 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақысы 100-150 мың теңге.


ӘБІЛМАНСҰР ҚАЙЫРОВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- «Дәмханаға жұмысшылар қажет екендігін естіп бірден осында келдім.Қазіргі таңда аспазбын. Барлық жағдай жасалған. Ең бастысы жалақы дер кезінде беріледі.Тұрғындардың тарапынан тағамдарға деген сұраныс жоғары.Алдағы уақытта ас мәзіріне басқада тағамдарды қосуды жоспарлап отырмыз.»


Айта кетейік, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры - шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.