15 мамырдан бастап Отбасы банк салымшыларға аралық заемдар бойынша төмендетілген мөлшерлеме қолданады. Осыған дейін жылдық мөлшерлеме 7 пайыздан 11,5 пайызға дейін құраса, енді 6 пайыздан 10 пайызға дейін төмендемек.


 Отбасы банкінің мамандары жиында аралық заемдардың мөлшерлемесі төмендегені жайлы айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша ақпаратпен бөлісті. Осыған дейін банк салымшылары алдын-ала тұрғын үй құнының 50 пайызын салған жағдайда 11,5 пайыз мөлшерлемемен зеам алуға мүмкіндігі болған.


 НИЯЗ НИЯЗБЕКОВ , «ОТБАСЫ БАНК» АҚ СҚОФ МАМАНЫ:

- Енді банк салымшысының жинақтау тәсілі өзгереді. Аралық заем алу үшін банк көрсеткішінің ең төменгі мәні 2,5-ға қол жеткізу қажет. Бұл мәнді депозитке тұрғын үй құнының 50 пайызын аударған сәттен бастап 3 ай мерзім өткеннен кейін ғана алуға болады. Тек содан кейін банк 10 пайызға тең болатын ең жоғарғы мөлшерлеме бойынша несие береді. Аралық заемдар Отбасы банк салымшыларының арасында жоғары сұранысқа ие.


 Айта кету керек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 79 872 несие берілген, оның 68 пайызы – аралық заемдар. Мұндай кредиттердің дені мәні нөлдік банктік көрсеткішпен берілген. Яғни қарыз алу кезінде клиенттің қаражаты депозитте жинақталмайды, сондықтан жүйеде жұмыс істемейді деген сөз.


 ЭЛЬМИРА БАЙМҰХАМБЕТОВА, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ СҚОФ МАМАНЫ:

- Бүгін біз мемлекеттік бағдарламалар жайында айтқымыз келеді. Банк салымшыларының басым бөлігін мемлекеттік бағдарламалар қызықтырады. Сондай-ақ, 17 мамырдан 14 маусымға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасына құжат қабылдау өтіп жатқанын хабарлағымыз келеді. Бұл бағдарлама «Жас өркен» ауданындағы 220 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге арналған. Оған банк салымшыларымен қоса, жергілікті атқарушы органдарда пәтер кезегінде тұрған азаматтар ала алады.


 Жиын барысында сала мамандары «Ұмай» және «Қызылжар жастары» бағдарламалары жайында сөз қозғады. Атап өту керек, «Қызылжар жастары» бағдарламасы жоба ретінде қарастырылғанымен, нақты қаржыландыру көзі болмағандықтан әзірге жүзеге аспай тұр.


Жайна Шерниязова