Петропавлда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың және ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Үздік деп танылған 30-ға жуық 9-11 сынып оқушысына облыс әкімінің атынан арнайы медальдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.


Республикалық олимпиадада бақ сынағандардың бірі- Адель Дулатова. Ол Әбу-Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы. 2 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінен бақ сынап жүр. Биыл дарынды қыз білімін дәлелдеп, жүлделі 2 орынға ие болған.


АДЕЛЬ ДУЛАТОВА, ОҚУШЫ:

- Маған орыс тілі ұнайды. Бұл пән өмрде де керек деп ойлаймын. Сондықтан осы пәнді таңдадым. Жақсы дайындалдық. Пәнді жан-жақсы зерттедік. Осы жылы мен облыстан 1ші орын алдым, республикадан 2ші орын алдым. СКГУ университетінің пәндік олимпиадасында гран-при алдым.


Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл республикалық білім сайысынан жүлделі орынға ие болғандардың саны артқан. Өңірдің 20 оқушысы пәндік олимпиадалардан үздік деп танылса, 10 оқушының ғылыми жобасы республика деңгейде жоғары бағаланған. Оларға облыс әкімінің атынан арнайы медальдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.


НӘЗІР ЖӘШІБЕКОВ, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Республикалық сайыстардан үздік деп танылған дарынды оқушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Бірінші орынға 100 мың теңге берілсе, 2-ші орынға 75мың , 3-ші орынға 50 мың теңге сыйақы бар. Бұл оқушыларды әрі қарай ынталандыру мақсатында беріледі. Биыл біздің балалар өте жақсы нәтиже көрсете білді.


 Айта кетейік, республикалық олимпиада 19-25 наурыз аралығында Шымкентте өткен. Марапаттау рәсімінен соң, білім басқармасының басшысы оқушылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.