Мемлекет басшысы «РимҚазАгро» ЖШС-нің қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты.


 Бүгінде өндірісте шамамен 1,7 мың адам жұмыс істейді. Өнім түрлері 730-дан асады, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінде сатылады және Ресейге экспортталады. Бүгінде кәсіпорын 37,7 гектар аумақта халық тұтынатын өнім өндірумен айналысады. Былтыр жалпы сомасы 7,6 миллиард теңге болатын 3,8 мың тонна өнім өндірген. Өндіріс орнын аралап көрген Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрика жұмысының алғашқы нәтижесі туралы баяндалды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген.


Іс-сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне де барды. Президент білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Қазіргі уақытта ЖОО 6 мыңнан астам студент оқиды.Университет базасында жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылған. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжірибелер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағдай жасалған.Президент ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына арналған лабораторияны аралап көрді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа конфигурациясы күрделі детальдар алу жөніндегі инновациялық әдістер, симуляциялық оқыту және практикалық дағдылар орталықтары көрсетілді.