Өңірде суармалы жерлер ұлғайды. Биыл шаруалар көкөніс дақылдары мен қарақұмық алқаптарын арттырып жатыр. «Бұл өз кезегінде азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, баға саясатын реттеуге мүмкіндік береді», - дейді жергілікті билік өкілдері.


 Матвей Скорняков негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Биыл алғаш рет картоп ЕГіп көрмек. Әзірге, 50 гектар жерге. Фермер ол үшін «Солтүстік» әлеуметтік – кәсіпкерлік коопорациясы арқылы төменпайыздық несие алып, заманауи суармалы жүйесін енгізді.


 МАТВЕЙ СКОРНЯКОВ, «ES GLOBAL AGRO» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз биыл заманауи суару қондырғысын сатып алдық. Сонымен қатар жарық пен су тартық. Бұл мақсатқа 494 млн. теңге жұмсалды. Несие «Солтүстік» әлеуметтік – кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы берілді. Шарттары өте тиімді. Небәрі 4 пайызбен алдық.


 Кәсіпкер мемлекеттің қолдауы арқасында тағы да 500 млн. теңге несие рәсімдеді. Оған картоп егуге арналған жаңа тракторлар мен құрал – жабдықтар сатып алды. Биыл Ғабит Мүсірепов ауданында осындай суармалы жерлер ұлғайтылады. Мақсат - нарықты табиғи таза өніммен толтыру.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМІ:

- Облыс әкімі Айдарбек Сейпілұлы ұйымдасқан шаруашылықтарға көкөніс дақылдары мен қарақұмық алқабын екі есеге арттыру тапсырмасын қойды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер сауда үйлері мен тұрақтандыру қорына сатылады. Бұл бағаның өспеуіне мүмкіндік береді.


 Биыл облыс бойынша 40 мың гектар жерге картоп, сәбіз, қырыққабат секілді көкөніс түрлері егіледі. Сонымен қатар оларды сақтауға 4 қойма салынады. Осылайша жергілікті билік өкілдері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын реттеуді көздеп отыр.