Елімізде 2022 жылы «Тегін адвокаттық қызмет және заң көмегін» ала алатын азаматтар санаттарының тізімі кеңейтілді. Облыста бұл мүмкіндікті 2,5 мың адам алып үлгерген. Тегін құқықтық көмекті кімдер пайдалана алады? Тілшіміз дайындаған бейнематериалда.


Заң консультанттарЫ палатасында заңдық тұрғыда көмек көрсетіледі. Онда негізінен алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу сияқты бағыттар қамтылған.


ГҮЛНАР ҚОЖАХМЕТОВА, СҚО ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Тегін көмекті ҰОС ардагерлері, ҰОС-ның қатысушыларына теңестірілген азаматтар, зейнеткерлер мен 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, аз қамтылған отбасылар және көпбалалы аналар, мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер ала алады. Қазіргі уақытта аталған санаттағы азаматтарға тегін заң көмегін облысымыздың 74 адвокаты көрсетуде.


Тегін көмек облыстың кез-келген ауданында қолжетімді. Онда жергілікті мамандар мен адвокаттар КЕҢЕС БЕРЕДІ. Ал Петропавл тұрғындары болса, заң консультациясының көмегіне Астана көшесі, 24 мекенжайы бойынша жүгіне алады.


 ӘСИЯ БАЙТЕМІРОВА, ПЕТРОПАВЛ Қ. ЗАҢ КОНСУЛЬТАЦИЯСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Өзіңізбен бірге жеке куәліктің болуы міндетті. Көмекке қандай да бір санатта жүгінетін болсаңыз, соны дәлелдейтін куәлік керек. Мәселен, сіз зейнеткер ретінде құқықтық көмек алғыңыз келсе, зейнеткер куәлігін әкеліп көрсетуіңіз қажет. Яғни, сіз тегін кеңес алуға құқығы бар адамдар санатына кіретіндігіңізді растайсыз. Бұл ұзақ уақытты алмайды. Маман кеңесі кез-келген күні беріледі. Ұзын сонар кезек жоқ.


Мамандар кеңесіне жүгінетіндерді көбінесе – тұрмыстық, алимент және мұрагерлік мәселелері қызықтырады. Адвокаттардың айтуынша тегін қызметті пайдалануға келетіндер қатары әлі де аз. Сондықтан қызметкерлер кеңсеге келе алмайтын адамдарға өздері барады. Оларға зағип жандар, мүгедектігі бар адамдар және қарттар кіреді.