Облыс әкімі Айдарбек Сапаров әлеуметтік желідегі парақшасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Гүлмира Райынбекқызы Кәрімованың мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.


«Бүгін облысымыздың тумасы, білім беру саласының үздігі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Гүлмира Райынбекқызы Кәрімова кенеттен өмірден озды. Туған туысқандары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін ауыр қаза. Гүлмира Райынбекқызы өз ісінің маманы еді. Еңбек жолын Петропавлдағы қалалық классикалық гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Әр жылдары Әл-Фараби мектеп-лицейі директорының орынбасары, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры, қалалық білім бөлімінің басшысы болды. Төрт жыл бойы облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы қызметін атқарды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің төрағасы болды. Гүлмира Кәрімова биыл ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, күні кеше ғана куәлігі мен төсбелгісін алған еді. Гүлмира Райынбекқызы білім саласының дамуына зор үлес қосты. Оның еңбегі мен жетістіктері, жарқын бейнесі мәңгі есте сақталады.» - деді Айдарбек Сапаров өзінің көңіл айту хатында.