Петропавлдағы И. Шухов атындағы қалалық орталық кітапханада «Sana» әдеби-музыкалық клубының ұйымдастыруымен «Туған жерім – алтын бесігім» атты әдеби-өлкетану кеші өтті. Іс-шара өлкетанушы, ақын, композитор – Дәстен Баймұқановтың 65 жылдығына арналған. Тілшіміз тарқатсын.


Дәстен Баймұқанов өлкетанушылықпен қатар ақындықты, композиторлықты қатар алып жүрген азамат. Бүгінде зейнеткердің «Қазағым», «Сандуғаш», «Қаңбақ», «Дәуір» сынды туындылары көпшілікке танымал. Дәстен Абылайұлының айтуынша соңғы кездері ақын жүрегі проза бағытына бет бұрған екен. Жазушы алда поэзия мен прозаны ұштастырып, кітап шығаруды жоспарлап отыр. Кейіпкеріміз өңір тарихын зерттеумен де айналысады.


ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, АҚЫН, КОМПОЗИТОР, ӨЛКЕТАНУШЫ:

- Мысалы мен Байқала туралы жаздым. Байқала деген не нәрсе деп таң қалғандар болды. Енді келіп қопара берсек, тарихта бар нәрсе екен. Ол кешегі 28-29 жылдары конс-лагер. Біздің Жарқын деген ауылдың жанында құралған конс - лагер. Мінекей, осындай оқиғалар бар. 


Кіндік қаның тамып, туып - өскен мекеніңді, табаның тиген топырақты бәрінен артық көрмеу мүмкін емес. Туған жердің бір түйір тасы ат басындай алтыннан да қымбат. Бүгінгі әдеби-өлкетану кешінің де негізгі мақсаты осы. Өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеу.


АЛТЫНАЙ СЫЗДЫҚОВА, И. ШУХОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

-  Бұл өлкетану кеші болғандықтан біздің басты кейіпкеріміз ақын, композитор, өлкетанушы Баймұқанов Дәсен Абылайұлы болып отыр. Бүгінгі таңда ол кісі 65 жасқа толуына орай шараға ол кісінің туыстарын, жора-жолдастарын, әріптестерін шақырып отырмыз.  Өлкетану кеші болғандықтан басқа да басты кейіпкерлеріміз болады. Баяндамашылар өздерінің сұхбаттарында СҚО туралы айтып кетеді. 


Сонымен қатар кеште «Туған жерім – алтын бесігім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда жергілікті жазушылардың кітаптары қойылған.