Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық талқыға түсті. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов жергілікті атқарушы органдардан да ақпарат алды. Солтүстік Қазақстан облысында қандай шаралар қабылданып жатқанын өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров жеткізді.


 Облыс әкімі Айдарбек Сейпілұлы қазіргі уақытта «Есіл» өзені арқылы өтетін апатты көпірді күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын атап өтті. Ол «Қазавтожол» АҚ-ның балансында тұр. Жобаны әзірлеу үшін облыстық филиал бюджеттік өтінімді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдады. Қаражат бөлінісімен жобалау басталады.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Облыста су тасқыны қаупін жою жөніндегі 3 жылдық Жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта 9 іс-шараның 4-уі орындалды. Бесеуі бойынша жұмыс жүріп жатыр.  Су тасқыны қаупі бар 85 елді мекен бақылауға алынды, оның ішінде 8 ауыл су басуы мүмкін аймақта орналасқан 1 млрд. теңгеге облыстық резерв бекітілді. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда. Су тасқыны мәселесі тұрақты бақылауда.


 Бұдан бөлек Бескөл ауылының шағын аудандарында нөсер ағындары мен арық жүйесінің құрылысы басталды. 27 су өткізгіш құбыр орнатылды. Биыл жұмыс жалғасады. Мұнымен қоса Айдарбек Сапаров Премьер-министрге Теплый және Прибрежное елді мекендеріндегі қорғаныс бөгетінің құрылысы туралы баяндап берді. Жоба әзірленді. Ақпан айында сараптамаға жіберіледі. Сонымен қатар, Петропавл қаласындағы Ужев көшесіндегі бөгетті жөндеу және республикалық маңызы бар автомобиль жолы – облыс орталығын айналып өту учаскесін қайта жаңарту сияқты өңірде 2 жобаны іске асыру жалғасуда. Жалпы Казгидрометтің мәліметі бойынша биыл облыста түскен жауын-шашын мөлшері көп жылдық көрсеткіш деңгейінің шегінде.



Майгүл Сейілбек