Өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавлдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы қала әкімі Руслан Аңбаев айтып берді. Салық пен басқа міндетті төлемдер есебінен қазынаға 33,4 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,5 млрд. теңгеге артық.


 Жалпы ағымдағы жылы қалалық бюджет көлемі 71,6 млрд теңгені құрады, оның ішінде бекітілген бюджет – 51,9 млрд теңге. Инвестиция тарту бойынша да оң көрсеткіш бар. Өткен кезең бойынша негізгі капиталға 98,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 70,1 пайызы – жеке инвестиция. Сонымен қатар құрылыс саласының дамуына оң баға беруге болады. Мәселең осы жылы 48,2 млрд теңгенің жұмысы істелді.


РУСЛАН АҢБАЕВ , ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «Жалпы құрылыс қаланың 3 шағын ауданында қарқынды жүріп жатыр. Қазір «Жас Өркенде» 10, Уәлиханов көшесі бойынша 6 кредиттік үй салынып жатыр. «Берекедегі» жалдамалы-коммуналдық 6 үйдің құрылысы бітуге жақын. Жалпы жыл басынан 7 бюджеттік үй қолданысқа тапсырылды. Коммерциялық тұрғын үй салу бағыты да дамып келеді. Жеке компаниялармен биыл 35 үйдің құрылысын жүргізілуде. Жыл басынан 12 коммерциялық үй қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тұрғын үй қорын тағы 7 үй толықтырады, жаңа үйлерге қоныстандыру 2023 жылы жүргізілетін болады. Пәтерлер 2 деңгейлі банктер немесе Отбасы банк арқылы сатылады. Жалпы, 2022 жылы 1 700-ден астам отбасы пәтерге ие болды. Тұрғын үй құрылысын келесі жылы да жалғастырамыз. 2023-те 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Оның 10-ы бюджеттік және 16-сы коммерциялық.»


Қалада тұрғын үй кешендерін жаңғырту жұмыстары іске асырылуда. Бағдарлама аясында қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізілуде. Республикалық бюджеттен соңғы екі жылда аталған жұмыстар үшін 2 млрд. теңгеден астам сомада несие бөлінді. Бұл қаржы 37 үйдің жөндеу жұмысына бағытталды.


 РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «29 үйде шатыр күрделі жөнделді, 8 үйде – 22 лифт ауыстырылды. 4 лифт 25 жылдан артық жұмыс істемеген үйлерде орнатылғанын айта кету керек. Бүгінгі таңда 17 үйде жұмыс аяқталды, қалған 17 үйде жұмыс жалғасуда. Құрметті қала тұрғындары, Сіздер бұл бағдарламаға қатыса аласыздар. Ол үшін өтініш беру қажет. Бұл ретте бағдарламаға қатысу туралы шешімді өздеріңіз қабылдайсыздар. Біз сіздерді міндеттемейміз.»


Петропавлда биыл заңды бұзу арқылы берілген, тұрғындар өз еркімен иемденіп алған және ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде пайдаланылмаған 170 учаске анықталды. 173 бау-бақша серіктестігінде 47 мың жер учаскесі болса, соның 17,9 мыңы қараусыз қалған. Ал қала тұрғындары арасында саяжайдан жер учаскелерін алғысы келетіндер аз емес. Тексеру қорытындысы бойынша биыл 122 учаске мемлекет меншігіне қайтарылды және тұрғындарға берілді. Соттың қарауында 12 материал жатыр, 404 учаске иесі жоқ жылжымайтын мүлік ретінде есепке қойылды. Ол жер бір жыл мерзім өткеннен кейін коммуналдық меншікке қайтару рәсімінен өтеді.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- «Бұдан басқа, біз облыстың жер инспекциясымен бірлесіп саяжай учаскелерін мақсатсыз пайдалануға тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, осы учаскелердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Ал саяжай учаскесін алу үшін Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жүгіну қажет»


Руслан Аңбаев рұқсатсыз орнатылған гараждар мәселесін де көтерді. Биыл заңсыз қойылған 163 гараж басқа орынға көшірілді. Бұл жұмыс келер жылы да жалғаспақ.