2022-ші жылдың 18-ші қарашасында «Прокуратура туралы» Конституциялық Заң өз күшіне енді. Прокуратураның міндеттері мен қызметтері нақты айқындалып, бекітілген маңызды құжат осы сала қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды. Заңнамада қандай өзгерістер орын алды? Әріптесімнің сюжетіне назар аударайық.
Прокуратура қызметінің құзыретін, ұйымдастырылуы мен тәртібін айқындайтын құқықтық актіге Конституциялық заң мәртебесі елімізде алғаш рет берілуде. Конституциялық Заңда прокурорлар қаулы, нұсқау шығаратын негіздер тізбесі кеңейтіліп, қарауға жататын өтініштердің санаттары айқындалып, сондай-ақ прокуратура шешімдеріне, актілеріне және прокурорлардың әрекеттеріне шағымдарды сотқа дейінге реттеу тәртібі бекітілді. Жалпы, жаңа заң 7 тараудан және 48 баптан тұрады.
АСХАТ ЖҰМАБЕКОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:
- «Құқықтық актілер туралы» Заңнын 1 бабына сәйкес зан – аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, ҚРның Конституциясында көзделген негізге алынатын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт. Қабылданған новеллалардың бірі прокуратураның ҚРы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен ынтымақтастығы және оның қызметіне жәрдемдесу болып табылады. Бұл шешім бірінші кезекте қылмыстық процесте прокурорлардың құқық қорғау қызметін күшейтуге бағытталған.
ҚРның Бас Прокуратурасы Конституциялық және Жоғарғы Сотқа азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істер және сот практикасы мәселелері бойынша түсінік беру туралы ұсыныс жасай алады. Бұдан бөлек прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге нұсқау беру құқығына ие болды.
ЖАСҰЛАН СМАҒҰЛОВ, СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
- Енді прокурор сотқа дейінгі тергеу аясында ғана емес, әкімшілік істерді зерделеу кезінде де нұсқаулар беруге құқылы. Бұл әкімшілік заңнама саласында қадағалауды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, прокуратураға кәсіпкерлік субьектілерін тексеру құқығы да берілді. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Жеке кәсіпкерлік субьектілерін тексеру ҚР Президентінің, Бас прокурордың тапсырмасымен және олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі.
Майгүл Сейілбек