Облыстық көпбейінді ауруханада осыдан 3 жыл бұрын ашылған қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесінде жылына 800-ге жуық науқас ем алады. Бүгінгі таңда бөлімше заманауи қондырғылармен толыққан. Осылайша тұрғындардың неғұрлым қысқа уақытта денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Мұнда жерлестерімізге медициналық қызмет түрлері тегін түрде көрсетіледі.


Қызылжар ауданы, Водопроводный ауылының тұрғыны Ержан Бектұрғановтың осы жылдың сәуір айында жүрегі сыр беріп, инсульт орталығына түседі. Ауыр дертке шалдыққан 64 жастағы ер адам облыстық көпбейінді ауруханада осымен екінші апта оңалтудан өтіп жатыр. Науқасқа инсульт алғаннан кейін аяқ-қолын қимылдату арманға айналған. Бөлімшедегі заманауи қондырғылардың арқасында оған буын және қан тамыр жүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік бар.


ЕРЖАН БЕКТҰРҒАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

-  Мұнда ем алуға келгелі бері жағдайым әлдеқайда жақсарды. Дене шынықтырумен айналысып, дәрігерлердің бақылауындамын. Жалпы бұл бөлімшеде инсульт алғаннан кейін мамыр айында да оңалтудан өткен едім. Ол кезде мына ұсақ моторика үстелі болмады. Қазір жақсы түгел қолымды дамытып, буындарымды жаттықтыруға мүмкіндік бар.


Медициналық оңалту бөлімшесіне соңғы бір-екі айда 2,6 млн теңге тұратын ұсақ моторика үстелі, 1,7 млн теңгеге жаяу жүру симуляторы сатып алынды. Бұның барлығы инсульт алған науқастарға тез уақытта қалпына келуге көмектеседі.


АНТОН ДОМБРОВСКИЙ, ЕМДІК ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ИНСТРУКТОРЫ:

-  Бұл қондырғылар науқастың тез арада аяғына тұрып кетуі үшін қажет. Әр пациентпен күніне 2 реттен 20-30 минут сайын айналысамыз. Мәселен, мына жаяу жүру стимуляторы адамның түгел денесін ретке келтіруге бағытталған.


Жалпы, облыстық аурухана базасында қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшесі 3 жыл бұрын ашылды. Осы уақыт аралығында мыңдаған жерлесіміз өз денсаулығын жақсартты. Ал, жыл басынан 600-ге жуық пациент оңалту курсынан өтті. Айтпақшы, мұндағы қызметтер тегін, медициналық сақтандыру қорының есебінен төленеді. Курс 14 күнге созылады.


ЛАРИСА ПУТЯНИНА, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЕМІ ЖӘНЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Жалпы, бөлімше 30 орынға шақталған. Жылда материалдық базаны жаңартуға тырысамыз. Ем-домнан өтетін науқастар тек дәрі қабылдап қана қоймай сонымен қатар физикалық түрде де шынығуы тиіс. Сол себепті бұл жерде замануи қондырғылар үлкен рөл ойнайды. Мұнда неврологиялық, қан тамыр жүйесінің аурулары бар адамдар ем ала алады.


Мамандар науқастарға оңалту курсынан кейін де саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақырады. Жалпы, тегін түрде медициналық қызметтерді алу үшін облыстық ауруханаға 49-33-51 нөміріне хабарласуға болады.



Майгүл Сейілбек