Ата жолын жалғау немесе еңбекті сүйген әулет. Бұл Қызылжар ауданы Налобино ауылында тұратын Мелехиндар отбасы туралы айтылған. Атасынан бастап, шөбересіне дейін ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп келеді. Әрі қара шаңырақты да жаппай, облысқа танымал тыл еңбеккері Николай Мелехинның ұрпағы екендіктерін мақтан етеді.


Қызылжар ауданындағы Налобино ауылындағы мына үйде облысымыздың бетке ұстар тыл еңбеккері Николай Мелёхин тұрған. Қазіргі таңда қара шаңырақта оның немересі Виктор Мелёхин түтін түтетіп отыр. Ата-анасы да мұнда жиі келіп тұрады. Жаны жайсаң жандар бізді жылы шыраймен қарсы алып, төрін ұсынды. Әңгімеміз таңғы шай барысында өрбіді.


АЛЕКСАНДР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің ұлы:

- Әкем трактор мен комбайнды қатар тізгіндеді. Бұл менің де қызығушылығымды оятты. Бала күнімнен техникаға әуес болдым.Кейін техникумға оқуға түстім


Техникумда оқып жүргенде-ақ Александр Мелёхин әкесі сияқты комбайн мен тракторды қатар тізгіндеген. Осылай 47 жыл ғұмырынның қалай өтіп, зейнетке шыққанын байқамай қалған. Ең қызығы, қазір тыл еңбеккерінің немересі Виктор Мелёхин де ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Қанмен келген қасиеттің арқасында ол қуатты техникалардың руліне небәрі 14 жасында отырған екен.


ВИКТОР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің немересі:

-  Атаммен бірге жиі уақыт өткізетінмін. Балыққа баратынбыз. Техникаға деген қызығушылығымды сол кісі мен әкем оятты.

Түзде білікті маман, ал үйде адал жар қамқор әке. Николай Мелёхин келіні Надежда Ивановнаның есінде осылай қалыпты. Айтуынша, атасы нағыз азамат, десек те жұмсақ мінезді, өте көңілді кісі болыпты.


НАДЕЖДА МЕЛЁХИНА, Николай Мелёхиннің келіні:

- Николай Мелёхиннің қолында 10 жыл бойы тұрдық. Отбасымыздың тірегі болды. Әулеттің бірлігін сақтады. Үйімізден қонақ үзілмейтін. Келген мейманға қайын атам ән айтып, аспапта ойнап беретін. Шаңырақта ұрыс-керіс болып көрмепті.


Механизаторлар әулетінің қатары жақында тағы бір маманмен толықпақ. Қазіргі таңда Николай Мелёхиннің шөбересі Александр да Қызылжар ауданындағы агроқұрылымдардың бірінде еңбек етуде. Бірақ, әзірге, техникаға отырмапты. Биыл қолына дипломын алғаннан кейін комбайн мен тракторды тізгіндемек ниетте.


АЛЕКСАНДР МЕЛЁХИН, Николай Мелёхиннің шөбересі:

- Сара жолды жалғауды жөн көрдім. Атам үнемі "еңбектің наны тәтті" дейді. Сол себепті, қазіргі таңда еңбек етіп, тәжірибе жинап жатырмын. Білмегенімді әкемнен сұрап отырамын.


Ұрпағына үлгі болып, сара жол салған Николай Мелёхиннің ерен еңбегіне тоқталып өтейік. 1966 жылдың күзінде азамат 10 мың центнер астық құлатыпты. Сол кез үшін бұл - рекордтық көрсеткіш. Механизор "Алтын жұлдыз" және "Ленин" орденімен марапатталған. Қазіргі таңда Николай Михаилович жайлы аз-кем деректерті Налобино орта мектебіндегі шағын музейінен білуге болады.