Биылғы күз күн райымен өңір тұрғындарын қуантуда. Десе де полицейлер автокөлік иелерін маусым ерекшеліктерін ұмытпай, қысқа ерте қамдануға кеңес береді. Жазғы дөңгелекпен желтоқсан айына дейін жүруге болады. Одан әрі жауапқа тартыласыз. Ал көктайғақ болса қысқы дөңгелексіз жүру адам өміріне қауіпті. СҚО ПД баспасөз қызметі әзірлеген материалға назар аударайық. 
 
- Жолдағы күтпеген жағдайларға тап болмау үшін шинаңызды қысқыға ауыстыруды ұмытпаңыз. Резинаңыз қысқы ма? — Иә!

 Полицейлер құжаттарын тексеру кезінде жүргізушілермен әңгімелеседі. Солтүстік Қазақстанның климаты құбылмалы екендігін, ауа райының лезде бұзылып, жаңбыр жауып, көктайғақ болуы кейін жүргізушілерді әбігерге салатынын ескертеді. Сондықтан көлікті қазірден бастап қысқа әзірлеген дұрыс. Шинаны уақтылы ауыстыру ауа райының қолайсыз жағдайында сенімді жүруге мүмкіндік береді. Жүргізушілердің басым бөлігі қысқыға қамданып қойған. Руслан Құдияров жолаушылар тасымалымен 19 жыл айналысады. 
 
Руслан Құдияров, жүргізуші:
 - Машинамның жағдайын жиі тексеріп отырамын. Тоқсандық техбайқаудан өткіземін. Ауа райының жағдайына қарай жазғыға, қысқыға ауыстырып тұрамын. Өйткені жолаушылардың алдында жауаптымыз.

 Тәртіп сақшылары ауа райын қадағалап, ТЖ қызметі жолдайтын sms-хабарламаларға назар аударуға кеңес береді. Көлігіңіз көктайғаққа дайын болмай қалса,  жылдамдықты төмендету, көлік құралдарының ара қашықтығын сақтау сияқты қарапайым ережелерді ұмытпау қажет.
 
Баян Байғаскина, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
- Ауа райы бұзылған жағдайда республикалық маңыздағы жолдарда жол-көлік оиғаларының алдын алу мақсатында патрульдеу бағыттары күшейтілген түрде қызмет атқарады. Түнгі уақыттарда аса апатты қауіпті жол учаскелерінде қызыл және көк жарқылдауық маяктары қосылған патрульдеу жүзеге асырылады.

 СҚО-да 9 айдың ішінде 221 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 35 адам қаза тауып, 321-і жарақаттанған. Полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жолда абай болу және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді.