Кадрлық ауыс-түйіс. Тайынша ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметті енді Берік Әлжанов атқаратын болады. Ол осыған дейін облыстық ветеринария басқармасының басшысы болды. Оны аудан активіне өңір жетекшісі таныстырып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Әріптесім Мағжан Ахмадина тарқатсын.
 
Руслан Аңбаев Петропавл әкімі болып кеткелі 2 айға жуық  басшысыз отырған ауданның депутаттарына бүгін өңір жетекшісі жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды. Құмар Ақсақалов бұл қызметке ауыл шауашылығы саласында 20 жылдық жұмыс өтілі бар Берік Әлжановты лайық санапты.  

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Президент  әкімшілігінің келісімімен мен сіздерге Берік Ақылжанұлы Әлжановтың кандидатурасын ұсынамын. 46 жастағы  азамат. СҚО тумасы. Екі жоғарғы білімі бар. Біраздан бері осы салада қызмет етіп келе жатыр. Қарапайым маман болып бастап, басшылық лауазымға дейін өсті. Ауыл шаруашылығын жақсы білетін азамат.

Кезектен тыс сессияға жиылған депутаттар да Берік Әлжановтың кандидатурасын бірауыздан қолдап дауыс берді. Кейін аймақ басшысы жаңа әкімді аудан активіне таныстырды. Соңғы кездері барлық салалар бойынша ауданның  даму қарқыны жақсы. Десе де, кемшін кетіп жатқан тұстар да жоқ емес. Оларды өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов жіпке тізіп,жаңа әкімге бірқатар тапсырмалар жүктеді. 

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Соңғы 5 жыл ішінде ауданның агроқұрылымдары 25 млрд теңгеден астам субсидия алған. Бірақ шаруашылықтардағы техника ескірген. Осы тұсты мықтап қолға алу керек. Өйткені, мемлекет қолдау көрсетеді. Сондықтан автопракті жаңарту қажет. Кейбір серіктестіктердің минералды тыңайтқыштар себу көрсеткіші де көңіл көншітпейді.  Тұқым жаңарту ісіне де көп көңіл бөлген жөн.

Ауданда бүгіндері 6 сүт тауарлы кешен бар. Бірақ олардың 5-уі ескірген. Алдағы уақытта олардың да саны артуы тиіс. Тағы жол, су, білім және денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелерді шешіп, дамыта түсу қажет деді Құмар Ақсақалов.  Өз кезегінде Берік Әлжанов жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға, қызметке  білек сыбана кірісетіндігін жеткізді. 

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, ТАЙЫНША АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
-
Жоғары сенім білдіргеніңізге алғысымды айтамын. Алда қойған барлық мақсат-міндеттерді атқаруға бар білімім мен күш жігерімді жұмсауға дайынмын. Аудан активімен бірлесіп Құмар Іргебайұлы жүктеген тапсырмаларды орындауға тырысамыз. 

Тағайындаудан соң, облыс әкімі жаңа аудан басшысымен  әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.