Оқушылар сарайында өңіріміздің білім ордаларында еңбектеніп жүрген 50-ге жуық жас мұғалім «Жас маман-жаңа қадам» атты конференцияда бас қосты. Шараның басты мақсаты білім саласында енді қадам басып жатқан ұстаздар қауымын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасу үшін алаң құру.
Ақмарал Мерейбек мұғалімдер отбасында өсіп, тәрбиеленген. Сол себепті болар бала кезімнен ұстаз болуды армандадым дейді жас маман. Ол туған қаласы Нұр-Сұлтандағы гуманитралық колледжін мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін жоғары білім алу үшін Манаш Қозыбаев атындағы университетіне оқуға түскен. Қазіргі таңда Ақмарал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында Қызылжар ауданындағы «Мирас» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. 2 жылда жинаған тәжірибесімен ол өзімен қатарлас әріптестерімен қуана-қуана бөлісіп, үйренерім мол дейді.
АҚМАРАЛ МЕРЕЙБЕК, ЖАС МАМАН:
- Бұл мамандыққа келу үшін ең алдымен өз жұмысын,балаларды жақсы көру керек. Өз мамандығын жақсы көру керек. Мұғалімдік қасиеттер бойында болу керек. Қорықпау керек. Алға ұмтылу керек. Барынша білім алуға тырысу керек. Балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнайды. Балалармен жұмыс жасау барысында эмоционалды көңіл-күй жоғары болу керек.
Ақмарал секілді конференцияда бас қосқан 50 жас маман бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасты. Жалпы ұйымдастырушылардың сөзінше мұндай іс-шараның мақсаты жас мамандар қауымдастығын құру. Бұл жерде білім саласында жаңадан еңбектене бастаған қыз-жігіттердің кәсіби тұрғыда өсуіне жағдай жасалмақ.
РОЗА СӘРКЕН, «СҚО БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖҰМЫС ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ:
- Бұл іс-шараға білім беру саласында биік шыңдарға жеткен ең жас, талантты педагогтар жиналды. Бүгінгі кездесуімізің мақсаты біздің өңірімізде заманауи білім беруді дамытуға серпін бере алатын жас педагогтар ассоцияциасын ұйымдастыру болып табылады.
Бүгінгі күні облыс аумағында 464 мектеп бар. Онда 16 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Соның 3051-і жас маман. Соның басым бөлігі Ғабит Мүсірепов ауданындағы білім беру ошақтарында еңбектенеді екен.
Майгүл Сейілбек