Биыл екінші жыл ұйымдастырылып отырған бұл шараға «Ең үздік гүл студиясы» номинациясы бойынша қаламыздағы «FloweROM» гүлдер студиясының ұжымы алғаш рет қатысып отыр. Мұнда тұтынушылардың назарына қарапайым гүлдермен қатар декоративті гүлдер де ұсынылған.
Ал қаламыздағы «Прогресс» туристік агенттігі «Ең үздік туристік агент» және «Ең үздік ішкі туризм» номинациясында бақтарын сынауда. Бұл мекеменің іргетасы сонау 1994 жылдары қаланған. Содан бері халыққа тынбай қызмет етуде. Аталмыш турагенттік биыл сайысқа алғаш рет қатысып отыр екен. «Мұндай бақаулар бізді одан сайын сапалы жұмыс істеуге жігерлендіреді» - дейді мекеме директоры Наталья Зварич.
Сонымен қатар «Қонақжай Петропавл-2016» байқауының «Ең үздік мерекелік шара» номинациясында «Мөңке күнін» ұйымдастырушылар да сынға түсуде. Аталмыш мереке биыл облысымызда мамыр айында алғаш рет өткізілген. Мұнда 28 адам қатысып, 50 келі мөңке балығын аулаған.
Аталмыш байқау 25 аталым бойынша өткізілуде. Атап айтсақ, «Ең үздік мейрамхана», «Ең үздік дәмхана», «Ең үздік қонақ үй», «Ең үздік туристік агенттік» және тағы басқалары. Сайысқа қатысуға ниет білдіргендер саны 60-қа жуық адамды құрайды. «Қонақжай Петропавл-2016» байқауы СҚО әкімдігі, СҚО рестораторлар және отельерлер қауымдастығы және кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған.
Тұрғындар 12 қазан мен 12 қараша аралығында дауыс береді. Ал байқау қорытындысы 18 қарашада жарияланбақ.
Аяулым ЖОЛМҰҚАНОВА