Сәуірдің 18-і халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Осыған орай Петропавлда «көпестер қаласы» атты тарихи квест өтті. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы ұйымдастырған шытырманға толы ойынға 4 адамнан құралған 4 команда қатысты. Қатысушылар неғұрлым қысқа уақытта түрлі сұрақтарға жауап беріп, діттеген жерлеріне жетуі тиіс. Барлығының мақсаты бір ол - тарихи орындардың бірінде жасырылған қазынаға қол жеткізу.
Тарихи деректерге сүйенсек өткен ғасырларда Петропавл қаласы Сібір мен Түркістан сауда жолының бойында орналасуына байланысты Ресей мен Орта Азияны байланыстырған қазақ даласындағы сауда қатынасының ірі орталығы болған. Сонымен қатар, кезінде мұнда Абылай ханның бастамасымен ең ірі сауда орталығы салыныпты. 1912 жылы шаһарда 600-ге жуық сауда орны болған. Петропавлда көптеген белгілі орыс көпестері тұрып, өздерінің жеке иеліктерін тұрғызған. Мәдениет басқармасы мекемелері арасында ұйымдастырылған «Көпестер қаласы» атты тарихи квест те өткен күннен көп сыр шертетін дәл осы ғимараттармен тығыз байланысты болды.
РАҚАТ МӘМБЕТАЛИНОВ, ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Бүгінгі тарихи квесттің де басты мақсаты тұрғындарды көне ғимараттармен, ескерткіштермен және олардың тарихымен тереңірек таныстыру. Базардың маңында орналасқан Мұратовтың диірмені қайта қалпына келтірілді.Сондай-ақ бірінші электрстанциясының ғимаратын да қалпына келтіру бойынша жұмыстар қолға алынды.
Абылайхан резиденциясы музей-кешенінен бастау алған тарихи квестте ойынға қатысушылар өздеріне берілген бірнеше құралдардан таразы жинап, ең жылдамдары бірінші болып алғашқы тапсырмаға қол жеткізді. Сурет бойынша театр алаңын табу қажет болды. Барлығымызға белгілі бұл Николай Погодин атындағы орыс драма театрының алаңы болып шықты. Осы орайда барлық тапсырмалар телефон яғни Ватсап мессенджері арқылы беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Кейін логикалық сұрақтарға жауап беріп, бұрын шағын тігін фабрикасы болған, қазіргі кезде Казпошта орналасқан ғимаратты тауып, соның қасында сүретке түсу қажет. Ол фотосуретті кейін ұйымдастырушыларға жіберу керек болды.
ОЛЬГА ВОЛКОВА, АБЫЛАЙХАН РЕЗИДЕНЦИЯСЫ МУЗЕЙ – КЕШЕНІ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Бізге телефон арқылы фотосуреттер жіберілді. Енді мұнда бейнеленген қай ғимарат екенін табуымыз қажет. Мына баспалдақтың суретіне сүйене отырып біз бұл жер Казанцев көпестің дүкені мен үйі екенін анықтадық. Тапсырмаларды орындау барысында біз көбіне өзіміздің білімімізге сүйенудеміз. Сонымен қатар ғаламтордың көмегіне жүгінеміз. Мұндай ойындар өте қызық деп есептеймін, жиірек ұйымдастырылса екен дейміз.
Осылайша түрлі тапсырмаларды орындау арқылы қатысушылар Казанцев көпестің дүкені мен үйіне, Черемисинов, Муратов көпестің және басқа да саудагерлердің үйлеріне барып, суретке түсулері қажет болды. Ойынның басында Абылайхан резиденциясы музей кешенің командасы қарсыластарын артта қалдырып, бір қадам алда жүрді.
МАЙГҮЛ СЕЙІЛБЕК, ТІЛШІ:
- 18 сәуір халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай ұйымдастырылған «Көпестердің қаласы» атты атоквестте бүгін 4 команда қатысуда. Дәл қазір біз Смолин есімді көпестің үйінің жанында тұрмыз. Бұл жерге Абылайхан резиденциясының қызметкерлері бірінші болып жетіп отыр.
Смолин көпестің үйі 1874 жылы салынды. Ішкі аулада қоймалар орналасқан, ұн және арақ-шарап көтерме сауда жасау орны болды. Петропавлдағы бірнеше тарихи-сәулет нысандарын аралаған ойыншылар ақыры тығылған көмбені тапты. Тарихи өлкетану музейінің мамандары 50 мың теңге жасырылған қазынаны тауып, жеңіске жетті.
Майгүл СЕЙІЛБЕК