Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де неміс мәдениеті күнін ұйымдастырды. Бір апта бойы этнос өкілдері өз ұлтының мәдениетімен, тарихымен танысуға мүмкіндік беретін іс-шараларды өткізеді. Бұл жолы студенттер Остерн, вайнетхнен мерекелері жайында, неміс халқының дастарханы туралы білді. Мәдени кеште болып қайтқан әріптесім жалғастырсын.
Ұқыптылық, іске тиянақтылық, уақытты пайдалы іске жарату. Әлемде неміс халқы туралы осындай пікір қалыптасқан. Шарада, облыстық Қазақастан халқы ассамблеясының «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшелері ұлттық киімдерін киіп, студенттерді тарих пен салт-дәстүрден хабардар етті. Ұлттық мейрамдарымен және тағамдарымен таныстырды.
ЭЛЬВИРА КОВЗЕЛЬ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ СҚО «ВИДЕРГЕБУРТ» НЕМІС МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ҚБ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Бүгінгі шараның мақсаты студенттерге неміс халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыру, олардың көзқарасын, ой-санасын дамыту және әр ұлт өкілдерінің мәдениетін құрметтеуге баулу. Және осының барлығын сабақтарға кедергі жасамай, үлкен қоңырауда, 30 минуттың ішінде студенттерге түсіндіруіміз қажет. Жастар өте белсенді. Ойымызды оларға жеткізе алдық деп есептеймін.
Германия елінің дәстүрлі киімдері 16-17 ғғ. қала сәні киімдері элементтерінен қалыптасқан. Әйел адамдардың киімдері негізінен корсаж немесе кофта, бүрмелі белдемше, алжапқыштан құралады. Ерлер киімдері жейде, қысқа немесе ұзын шалбардан, жилет, мойынға тағатын орамал, кебіс немесе етіктен тұрады. Неміс халқы отбасылық Рождество мерекесін 4-ке бөліп тойлайды екен. Мереке 25 желтоқсан басталады. Ал мына жерде, немістердің ұлттық тағамдары бар дастархан жайылған. Мұнда, дәстүрлі бәліш, орама, және сүйікті сусындарының бірі-кофені көруге болады.
ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚМУ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
- Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай ай сайын әр этнос өкілдерінің мәдени күнін өткізуді жоспарладық. Қыркүйек айында қазақ халқының мәдени күні өтті, қазан айы неміс халқына арналса, келесі айда үнді елінің мәдени күні болмақ. Біздің үниверситетте түрлі этнос өкілдері білім алады. Студенттер әр ұлт өкілінің мәдениетімен жақынырақ танысса, бір-біріне деген мейірімділік пен құрмет беки түседі деген ойдамын. Сондықтан мұндай шаралардың алатын орны зор.
Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жастарға ұлттық Полька биін үйретті. Ол - жылдам екпінмен, шағын адыммен билейтін би. Польканы екі адам шеңбер бойын айнала билейді.
- Мереке өте қызықты ұйымдастырылған, аз ғана уақыттың ішінде неміс халқының мәдениетімен танысып үлгердім.
- Өзім үшін көп жаңа мағлұмат алдым. «Рождество» мерекесін өте қызықты атап өтеді екен.
- Өзге елдің тарихымен және мәдениетімен танысу мен үшін өте танымды болды.
Облыста 20 мыңнан аса неміс ұлтының өкілі тұрады. Ал университетте осы ұлттың 55 өкілі білім алуда. Мерекелік кеш соңы флешмобқа ұласты.
Жанбота СЕНТАЕВА