«Таза Қазақстан»: СҚО полицейлері абаттандыру қағидаларының бұзылуын анықтауды жалғастыруда
Петропавлда тәртіп сақшылары қаланы бейберекет қоқыстан тазарту бағытындағы рейдтерін жалғастыруда. Тексеріс барысында полицейлер заң бұзушыларды анықтап, ластанған аумақтарды қалпына келтіруді талап етіп отыр. Мәселен, Набережная көшесінде полицияның араласуынан кейін екі «Shacman» жүк көлігінің жүргізушісі өздері төккен қоқысты қайта тиеп алып кетті. Ал 20-шағынауданда тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығармаған мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Тағы бір заңсыз қоқыс орны Есіл өзенінің маңындағы сайдан табылды. Белгіленбеген жерге қоқыс тастаған жасөспірім анықталып, оның анасына ескерту жасалды. Бұдан бөлек, полицейлер тұрғындармен кездесу өткізіп, қалдықтарды сұрыптау мен шығару ережелерін түсіндіруді жоспарлап отыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы мұндай шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Себебі қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау — «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты талабы.