Негізгі Жаңалықтар Академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған алқалы жиын өтті

Академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына арналған алқалы жиын өтті

Қазақ тарихнамасының алыбы, академик Манаш Қозыбаевтың 95 жылдығына орай Қызылжар төрінде «Жұлдызы жанған ғұлама» атты тағылымды кездесу өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған белгілі тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері ғұлама ғалымның рухына тағзым етіп, оның отандық ғылымға қосқан өлшеусіз мұрасын саралады.

Еске алу іс-шарасы игі дәстүрге сай академиктің ескерткіш-бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. Іргетасы 1937 жылы қаланған киелі білім ордасына 2003 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Манаш Қабашұлы Қозыбаевтың есімі берілген еді. Саналы ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын отандық ғылымға сарп еткен заңғар тұлға артына 800-ден астам ғылыми еңбек қалдырды. Тағылымды басқосуға ғалымның туған-туыстары мен шәкірттері, сондай-ақ Астана, Алматы, Қостанай қалаларынан арнайы келген жетекші ғалым-профессорлар қатысып, академиктің өнегелі жолын кеңінен сөз етті. СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов өз сөзінде тарихшы-ғалымның еңбектері тәуелсіз Қазақстанның идеологиялық негізін қалауға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. 

СНХ: ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ – СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Манаш Қозыбаев саналы ғұмырында тарихты саяси ахуалға қарай бұрмалауға жол бермей, өткенге әділ баға беруді басты ұстаным етті. Әсіресе, 1980-1990-жылдары Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Әбдіғаппар Жанбосынов бастаған ұлт-азаттық қозғалыстар мен Алашорда автономиясына қатысты тыңғылықты зерттеулер жүргізіп, ақиқатты қалпына келтірді. Ұлағатты ұстаздың тәлімін алған шәкірттері оны «Қазақстан тарихын қазаққа қайтарған тұлға» деп бағалайды. Солардың бірі – профессор Аманжол Күзембайұлы.

СНХ: АМАНЖОЛ КҮЗЕМБАЙҰЛЫ - ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, М.ҚОЗЫБАЕВТІҢ ШӘКІРТІ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Ғұламаның ғылыми мектебінен түлеп ұшқан тағы бір шәкірті – Саттар Мәжитов. Бүгінде белгілі профессор ұстаз мұрасын жүйелеу үшін арнайы «Манаштану» орталығын ашудың маңыздылығын алға тартады. Бұл бастама Манаш феноменін толық тануға және оның еңбектерін шетелдік ғылыми айналымға енгізуге жол ашпақ.

СНХ: САТТАР МӘЖИТОВ - ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР, М.ҚОЗЫБАЕВТІҢ ШӘКІРТІ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Тағылымды басқосу барысында академикке арналған жаңа монографияның тұсауы кесіліп, университет түлектерінің форумы ұйымдастырылды. Атап өткенде, 1980-жылдардың екінші жартысынан бастап академик Манаш Қозыбаев 30-40-жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау және оларды ақтау жолында жалпымемлекеттік маңызы бар көлемді де жүйелі жұмыстар жүргізді. Ғалымның өлшеусіз еңбегі мен азаматтық ерлігі бүгінгі жас ұрпаққа өшпес өнеге болып қала бермек.



Бөлісу