Негізгі Жаңалықтар Тұтынушыларға 23 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

Тұтынушыларға 23 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 818 өтініш түскен. Мамандардың көмегімен тұрғындарға 23 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті үстемені асыру деректері анықталған. Бұл туралы ведомство өкілдері брифингте мәлімдеді.

Тұрғындардың өтініштері негізінен бөлшек және электрондық саудаға, сондай-ақ тұрмыстық қызметтерге қатысты. Көбіне сатып алынған тауардың сапасына көңілі толмаған немесе көрсетілген қызметтен күткен нәтижесін ала алмаған азаматтар шағымданады. Биыл қаралған 818 өтініштің 575-і «e-Otinish» жүйесі арқылы, 118-і жедел желіге, ал 125-і жеке қабылдау кезінде түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде өтініш саны 427 болған. Яғни биыл шағымданушылар қатары артқан.

СНХР: ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ – САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Департамент мамандары сауда орындарындағы бағаға да тұрақты мониторинг жүргізеді. Жыл басынан бері 135 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 126-сы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асырған. Заң бойынша мұндай тауарларға қойылатын сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Ал талапты бұзғандарға айыппұл қарастырылған. Биылғы тексерістер кезінде ұн, күріш, қарақұмық, тауық еті, сары май, күнбағыс майы мен көкөністерге қатысты заңбұзушылықтар анықталған.

СНХР: ҒАЛЫМЖАН АБАЕВ - САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 Бұдан бөлек, облыста азық-түлік бағасының қалыптасуын бақылау үшін делдалдық схемаларды тергеп-тексеру жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Биыл комиссия 64 отырыс өткізген. Оның қорытындысы бойынша үш ірі сауда желісі, 15 көтерме сауда жеткізуші және бірқатар шағын дүкен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.



Бөлісу