Облыс әкімінің Тимирязев ауданына жұмыс сапары
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Тимирязев ауданында болды. Онда өңір жетекшісі алдымен жөндеу жұмыстары аяқталған күре жолдың жағдайын бағамдады. Жергілікті жердегі әлеуметтік инфрақұрылымның даму барысы, ауыл шаруашылығын қолдаудағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, жергілікті халықтың заманауи технологияларға қол жетімділігі мен осы тұрғыда жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда атқарылып жатқан істер де назардан тыс қалмады. Тақырыпты тілшіміз тарқатсын.
Жұмыс сапарын Гауез Нұрмұхамбетов жол инфрақұрылымының жай-күйімен танысудан бастады. Маңызды оқиғалардың бірі – республикалық маңызы бар «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» автожолының орташа жөндеу жұмыстарының аяқталуы. Бастапқыда екі жылға жоспарланған жоба небәрі 11 айдың ішінде жүзеге асқан.
Жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын 100 пайыз нормативтік жағдайға келтіру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп отыр. 30 жыл бойына жол машақатын тартқан халық үшін бұл күтпеген жағдай.
СНХ: Сабыр Мұстафин – аудан тұрғыны
Бұдан кейін өңір басшысы Дмитриевка ауылына барды. Мұнда ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Биыл елді мекенде жалпы құны 90 миллион теңгені құрайтын үш ветеринариялық пункт салынды. Сонымен қатар жаңа мал қорымы мен мал сою алаңы бой көтерді.Өңірде ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы да жалғасуда. Жоба аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дамытуда мүмкіндікке ие. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгені құрайтын 169 өтінім қаржыландырылған. Бағдарлама игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі – «Қазақ қой солтүстік» жеке кәсіпкерлігі.
СНХ: Арман Смағұлов – жеке кәсіпкер
Елімізде Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі. Мереке қарсаңында облыс әкімі еңбек ардагері Ольга Скобаға арнайы барып, Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайына жолдама сертификатын табыстады. Сондай-ақ өңір басшысы ардагерге облыстың 90 жылдық тарихы мен жетістіктеріне арналған кітапты сыйға тартты.
СНХ: Ғауез Нұрмұхамбетов – СҚО әкімі
Бұдан соң облыс әкімі аталмыш ауданға қарасты Ақжан ауылына ат басын тіреді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «РАЙТ АА» серіктестігі мұнда 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салған. Қазір шаруашылық мал басын асыл тұқымды ірі қарамен толықтыруға дайындалуда.
СНХ: Шарқан Қоңыратбаев – серіктестік басшысы
Ал Тимирязевта облыс әкімі аудандық аурухана мен бір ауысымда 150 адамды қабылдауға қауқарлы емхана жұмысымен танысты. Өткен жылы медициналық мекемеге 320 миллион теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде дәрігерлер кабинеттері жаңартылып, инженерлік желілер, жылыту жүйесі, өрт дабылы мен бейнебақылау құрылғылары жаңадан орнатылды. Сонымен қатар медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда.
Облыс әкімі аудан орталығындағы С. Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясына да ат басын тіреді. Онда оқушылардың сапалы білім алуларымен қатар сабақтан тыс кезеңде де уақытты тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Бұл жерде Ғауез Нұрмұхамбетов жаңа агросынып жұмысымен де танысты. Мұнда үш мектептің 10-11 сынып оқушылары білім алады. Олар аграрлық салада жұмыс істеуге қажетті теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды да меңгереді. Бұдан соң өңір басшысы аудандық IT-creative орталығына барды. Ол биыл қыста «Digital Aimaq» жобасы аясында ашылған. Орталықта коворкинг, ойын және IT-аймақтары жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда облыстағы екінші digital-музей мен цифрлық сынып ашылған.
СНХ: Зәкіржан Мамлютов - СҚО әкімінің креативті экономиканы дамыту жөніндегі кеңесшісі
Жұмыс сапары соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен жиын өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі залға жиылғандарды аудан әкімі Ерлан Жаров құлағдар етті.
СНХ: Ерлан Жаров - – Тимирязев ауданының әкімі
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін де іркіп қалмады. Сұрақтардың басым бөлігі жолдардың жай-күйі мен инженерлік инфрақұрылымға қатысты.
СНХ: Екатерина Еросеева – Докучаев ауылдық окрігінің тұрғыны
Белгілі болғандай, бұған дейінгі мердігер ұйым алдын ала төлемді алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін жаңа мердігер анықталып, жұмысты жергілікті компания қолға алған. Жол келер жылы толық жөнделеді деп жоспарланып отыр.
СНХ: Ерлан Жаров - – Тимирязев ауданының әкімі
Өңір басшысы көтерілген мәселелерді ерекше бақылауға алуды жауапты басқарма басшыларына тапсырды.