Негізгі Жаңалықтар Петропавлдағы NIS мектебінде баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі өтті

Петропавлдағы NIS мектебінде баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі өтті

Петропавлдағы NIS мектебінде баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі өтті

Петропавл қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушылары арасындағы баскетболдан желілік спартакиаданың өңірлік кезеңі мәресіне жетті. Үш күнге созылған жарыс тартысты ойындарға, қызықты сәттер мен жеңіске деген жігерге толы болды. Алаңда Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларындағы NIS мектептерінің ұлдар мен қыздар командалары бас қосып, араларындағы үздіктерді анықтады. Ұлдар арасында бес команда, қыздар арасында төрт команда бақ сынады. Спартакиада «Бір алаң. Бір команда. Бір жеңіс!» ұранымен өтті.

Үш күн бойы жас спортшылар жылдамдықтарын, себетке доп салу дәлдігін және командалық рухты көрсетті. Әр кездесу қатысушылардан тыңғылықты дайындықты, төзімділікті және тактикалық ойлауды талап етті. Командалар үш күн бойы айналмалы жүйе бойынша өзара кездесіп, әр ұпай үшін тартысты бәсекеге түсті. Жарыстың алғашқы күндерінен-ақ Петропавл мен Астана қаласындағы Нұра ауданының NIS командалары жоғары дайындықтарын танытты. Сол себепті қос команданың ұлдар командасының кездесуі турнирдің ең тартысты ойындарының біріне айналды. Турнир қорытындысы бойынша ұлдар арасында Астана қаласындағы Нұра ауданының NIS командасы бірінші орын иеленді. Күміс жүлде Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасына бұйырды. Ал Astana IB командасы үшінші орынға тұрақтады. Қыздар арасында жеңіс тұғырынан Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы көрінді. Екінші орынды Астана қаласындағы Нұра ауданының NIS командасы иеленсе, үшінші орын Көкшетау қаласындағы NIS командасына бұйырды.


Бөлісу