СҚО-лық ғалымдар жол сапасын жақсартатын технология ойлап тапты
Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары өндіріс қалдықтарын пайдаланып, асфальт сапасын едәуір жақсартатын және құнын арзандататын бірегей әдіс ойлап тапты. Президент Жолдауында аталған маңызды жолдарды кеңейту жоспары аясында бұл патенттелген отандық технология үлкен сұранысқа ие болмақ. Арнайы сынақтардан сәтті өткен бұл инновациялық әдіс алдағы уақытта республикалық маңызы бар магистральдардың сапасын арттыруға зор үлес қосады.
Ғалымдар бұл жаңалықты 2023–2025 жылдары профессор Антонина Дюрягинаның жетекшілігімен жасап шықты. Басты ерекшелігі – асфальттың сапасын арттыру үшін кәдімгі зауыттар мен жылу станцияларының қалдықтары пайдаланылады. Мамандар қызметі біткен арнайы сұйықтық пен мұнай химиясының қалдықтарын өңдеп, асфальтты берік ететін пайдалы қоспа алды. Бұл әдіс қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, жол сапасын едәуір жақсартады.
АНТОНИНА ДЮРЯГИНА, ХИМИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР:
Бұл асфальт суды 35 пайызға аз сіңіреді және су тигеннен кейін де беріктігін жоғалтпай, әдеттегіден 50 пайызға мықты болып шықты. Зертханалық сынақтар сәтті өткен соң, ғалымдар бұл әдісті тәжірибе үшін «Қарақоға – Петропавл» автомобиль жолының 200 метрлік учаскесіне төсеп көрді. Бұл іске «ҚазАвтоЖол» мен «Жол активтері сапа орталығы» тікелей қолдау көрсетіп, сынақ жұмыстарын тегін орындап берді.
ЮЛИЯ БЫЗОВА, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ ХИМИЯ ЖӘНЕ ХИМИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Енді өнертабыстың бұл 200 метрлік учаскесі күзгі-қысқы және көктемгі маусымдардан аман өтуі тиіс. Егер бұл сынақ сәтті өтсе, ғалымдар технологияны Қазақстандағы автожолдарды салу кезінде кеңінен қолданысқа алады деп үміттенеді.