Ерекше балаларға – жаңа мүмкіндіктер
Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылмақ. Қазіргі ғимараттың салынғанына 60 жылдан асқан. Алайда күрделі жөндеуден кейін оны тану қиын. Ескірген бөлмелердің орнына заманауи кабинеттер, интерактивті алаңдар мен оңалтуға арналған кешенді құрал-жабдықтар орнатылған. Нысанды жаңғыртуға облыстық бюджеттен 760 миллион теңге бөлінді. Инклюзивті қоғам қалыптастыру және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тең мүмкіндік жасау – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың бірі.
Жаңарған ғимараттың ішінде балаларға кешенді көмек көрсетуге арналған ауқымды жұмыс атқарылған. Мұнда 12 арнайы кабинет жабдықталды. Балалармен түрлі бағыттағы дәрігерлер, медбикелер, психологтар, логопедтер мен дефектологтар жұмыс істейді. Орталықтың штатында барлығы 50 қызметкер бар. Олардың жартысы – бейінді мамандар. Мұндай тәсіл медициналық, әлеуметтік және түзету-дамыту көмегін бір орталықта алуға мүмкіндік береді.
СНХР: ГҮЛСИПАТ НАЙМАНОВА, МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мұнда оңалту жұмыстары медициналық шаралармен ғана шектелмейді. Балалардың білім алып, дамуына арналған мультимедиалық аймақ та жабдықталған. Үлкен LED-экран мен сенсорлық мінбер арқылы бейнематериалдар, таныстырылымдар мен түрлі көрнекі құралдарды пайдалануға болады. Бұл сабақтарды қызықты етіп, балалардың назарын шоғырландыруға көмектеседі.
СНХР: БИКЕН НҰРМАҒАМБЕТОВА, МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МӘДЕНИ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:
Тағы бір ерекше орын – проекциялық кабинет. Мұнда еден мен қабырғалар интерактивті ойын алаңына айналады. Балалар түрлі тапсырмаларды орындап, виртуалды кеңістікте қозғалып, бейнелермен әрекеттесе алады. Мұндай ойындар қимыл үйлесімділігін, зейінді және көру қабілетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар тәрбиеленушілер сурет салу, тігін тігу, тұрмыстық дағдыларды меңгеру және музыка сабақтарына қатысады. Осының барлығы оңалту үдерісін жан-жақты әрі қызықты етіп, балалардың жаңа қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
СНХР: ГАЛИНА СОРОКИНА, МҮГЕДЕКТІГІ БАР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КЛИНИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГЫ:
Жаңа орталық күніне 50 баланы қабылдауға қауқарлы. Әр ауысымда 25 тәрбиеленушіден болады. Мұнда бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Оңалту бағдарламасы мен оның ұзақтығы әр балаға жеке белгіленеді. Ол баланың қажеттілігі мен ерекшеліктеріне байланысты. Орталыққа жолдама алу үшін ата-анасы немесе заңды өкілі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөліміне жүгініп, өтініш беруі қажет. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Бұл – отбасылар үшін білікті мамандардың көмегін алуға, ал балалар үшін өз қабілеттерін дамытып, жаңа дағдыларды меңгеруге және дербестікке қадам басуға берілген мүмкіндік.