Солтүстік Қазақстанда депутаттыққа үміткерлер тіркелді
Солтүстік Қазақстан облысында мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыланды. Өңірдегі сайлау округтері бойынша барлығы 536 кандидат тіркелді. Оның ішінде облыстық мәслихаттың 15 округіне – 45 кандидат, қалалық мәслихаттың 18 округіне – 56 кандидат, аудандық мәслихаттардың 145 округіне – 435 кандидат бақ сынайды. Осылайша, депутат мандаты үшін тартыста орта есеппен бір орынға 3 үміткерден келеді. Сондай-ақ, облыстық мәслихатқа 5 саяси партиядан 52 адам енгізілген партиялық тізімдер ұсынылып, түгелдей тіркелді. Қазіргі таңда барлық үміткерлер мен саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Бұл науқан 28 қараша күні түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 28 қараша – тыныштық күні, ал 29 қараша – дауыс беру күні. Бұл күндері үгіт жүргізуге қатаң тыйым салынады.