Негізгі Жаңалықтар Аграрлық сектордағы серпін: қолжетімді қаржы мен цифрлық технология – отандық өндірістің тетігі

Аграрлық сектордағы серпін: қолжетімді қаржы мен цифрлық технология – отандық өндірістің тетігі

Фермерлерге ұзақмерзімді жоспар құрып, техникасын жаңарту үшін қолжетімді қаражат қажет. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында аграрлық саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемін 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Бұл қолдау ауыл шаруашылығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге серпін бере ме? Сюжетке зер салайық.

Президент өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты кепілі – тұрақты әрі жеңілдетілген қаржыландыру жүйесі екенін айқын атап өтті. Субсидиялау мен несиелендіру көлемін тек ұлғайтып қана қоймай, оның тиімділігін арттыру маңызды. Бұдан бөлек, елде сапалы отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін өркендету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бүгінде еліміз бойынша 71 өнеркәсіптік сүт фермасы пайдалануға беріліп, олардың жылдық өнімділігі 462 мың тоннадан асты. Төрт түлік басын көбейтіп, ет өндірісін өркендетуге бағытталған осындай ауқымды бастамаларға мемлекет тарапынан қаржылай демеу әрі қарай да толық көлемде көрсетіледі.

СНХ: НИКОЛАЙ КЛЯЙН – «СК АГРО 2050» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесін бүгінде өңірлердегі іргелі шаруашылықтардың тынысынан анық байқауға болады. Солардың бірі – «СК АГРО 2050» серіктестігі. Кәсіпорын өнімділікті арттыру мақсатында шетелдік тәжірибеге сүйеніп, әлемдегі сүт бағыты бойынша абсолютті көшбасшы саналатын элитті голштино-фриз тұқымды сиырларды жерсіндіруде. Еуропадан, атап айтқанда Германиядан арнайы алдырылған 660 бас малдың әрқайсысының нарықтағы бағасы 4 мың еуро шамасында. Бұл асыл тұқымды табын сапалы сүт өндірісінің көлемін бірнеше есеге арттыруға негіз болмақ.

СНХ: ВЛАДИМИР СЕРГЕЕВ – ТАУАРЛЫ – СҮТ ФЕРМАСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Ел Президенті атап өткендей, ұзақмерзімді әрі арзандатылған қаржы ресурстары мұндай ауқымды жобаларды аяғынан тік тұрғызу үшін ауадай қажет. Басты мақсат – сан қуалап, мал басын арттыру ғана емес, озық цифрлық технологияларды тиімді пайдалана отырып, өнімнің өзіндік құнын төмендету әрі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету.

Бөлісу