Облыс әкімдігінде Президент Жолдауы талқыланды
Президенттің "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде талқыланды. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Басқосуда қандай мәселелер қаралды? Келесі сюжеттен білейік.
Жиынды ашқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірді дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Экономиканы өркендету, цифрландыруды жеделдету, әлеуметтік қорғау шараларын күшейту, инвестиция тарту және құрылыс саласын дамыту – басты міндеттердің қатарында. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату бастамасына жоғары баға берген болатын.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытуға, өнімді терең өңдеуге, жасанды интеллект пен су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беруді тапсырды. Сонымен қатар аграрлық секторды ұзақ мерзімді қаржыландырудың ауқымды жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіштері жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 697,1 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6 пайызға жоғары. Салаға 170,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада екінші орында. Ал соңғы бес жылда еңбек өнімділігі үш есеге жуық артып, бір жұмыскерге шаққанда 12,3 миллион теңгеге жетті.
Жиында өңір экономикасының даму қорытындылары да талқыланды. Экономикалық өсімге өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары айтарлықтай үлес қосып отыр.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ – Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жетекшісі:
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының құрылысын кеңейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де өзекті.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өңірде тұрғын үй құрылысына да басымдық берілмек. 2026 жылы облыста 340 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұған қоса энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Президент Жолдауында сапалы әрі қолжетімді білім берудің маңыздылығы да атап өтілді. Осы ретте өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға да көңіл бөлініп отыр.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың мемлекеттік саясаттағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс облыс орталығымен ғана шектелмей, аудандарда да жалғасып жатыр.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жолдауда цифрлық шешімдерді енгізумен шектелмей, олардың өндіріс өнімділігі мен салалардың тиімділігін арттыруға ықпал етуі қажеттігі айтылды. Осыған байланысты өңірдің цифрландыру стратегиясын қайта қарау жұмыстары басталған. Негізгі мақсат – жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономиканы қалыптастыру.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бірқатар нақты тапсырма берді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Облыс әкімі әрбір тапсырманың орындалуын ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының заман талабына сай жаңа міндеттерді орындауға дайын екенін атап өтті.