Негізгі Жаңалықтар Петропавлда «тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды

Петропавлда «тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері анықталды

Инновациялық жобалар, экологиялық бастамалар және әлеуметтік маңызы бар идеялар. Петропавлда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсының жеңімпаздары анықталды. Биыл бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылды. Байқау қорытындысы бойынша алты жоба грант иегері атанып, олар жуырда өз бастамаларын іске асыруға кіріседі. Гранттық қолдау жас солтүстікқазақстандықтарға қандай мүмкіндік береді? Тілші бейнематериалында.

 Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен белсенді жастар қатысты. 35 жасқа дейінгі мектеп оқушылары, студенттер, еріктілер, жас мамандар мен кәсіпкерлерден ондаған өтінім қабылданды. Қатысушылар әлеуметтік, білім беру және экология салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған авторлық жобаларын ұсынды. Өтінімдерді саралаған сарапшылар комиссиясы үздік бастамаларды іріктеп, жеңімпаздарға грант тағайындады.

СНХР: ТИМУР ӘЛЖАНОВ, «СҚО ЖАСТАР МӘСЛИХАТЫ» ЖҚБ ТӨРАҒАСЫ

Грант иегерлерінің бірі – петропавлдық белсенді Дариға Смайылова. Оның «ЭкоБастау» жобасы мектеп оқушылары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында интерактивті сабақтар, командалық тапсырмалар, тақырыптық кездесулер мен тәжірибелік экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Осылайша жоба авторы жас ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.

СНХР: ДАРИҒА СМАЙЫЛОВА, «ТӘУЕЛСІЗДІК ҰРПАҚТАРЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, гранттық қолдау жастарға өз идеяларын нақты жобаға айналдырып, бастамаларын жүзеге асыру тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Жобалар іске асырылу барысында сарапшылардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылады, ал қорытындылары арнайы форумда таныстырылады. Мұндай конкурстар жастардың әлеуетін дамытуға және оларды өңірдің қоғамдық өміріне белсенді тартуға ықпал етеді.

Бөлісу