Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз қоқыс орындарының саны жылдан-жылға азайып келеді. Бұл туралы облыстық Экология департаменті мәлімдеді. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде биыл облыс аумағында 71 заңсыз қоқыс орны анықталған. Оның 65-і жойылған. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмен көрсеткіш.
Заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін елімізде ғарыштық мониторинг қолданылады. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы бірлесіп әзірлеген геопортал арқылы полигондардың жағдайы мен рұқсатсыз төгілген қалдықтар бақылауға алынады. Биылғы 28 шілдедегі мәліметке сәйкес, өңірде анықталған 71 нысанның 41-і заңсыз қоқыс орны болса, тағы 30 жағдайда қалдықтардың полигон шекарасынан тыс шығарылғаны тіркелген. Қазіргі таңда олардың басым бөлігі жойылған.
Снх: НАТАЛЬЯ АРЖАННИКОВА, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Мәселені жүйелі шешу үшін облыста Экология департаменті, Полиция департаменті және Табиғи ресурстар басқармасы бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді. Жыл басынан бері мобильді жұмыс тобы 12 рейд өткізіп, Петропавл қаласы мен бірнеше ауданда 26 заңсыз қоқыс орнын анықтады. Оның 12-сі жойылды. Қалғандары бойынша жергілікті атқарушы органдарға оларды жою туралы нұсқамалар жолданған.
Снх: ВАЛЕРИЙ ТИХИЙ, ЯКОРЬ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Мамандардың айтуынша, заңсыз қоқыс орындары уақытында жойылмаған жағдайда жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы осы бағытта жеті әкімшілік іс қозғалып, алты ауылдық округ әкіміне жалпы сомасы 206 мың теңгеден астам айыппұл салынған.