Петропавл қаласындағы «БЭСТ» гимназиясында Соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиын өтті. Биыл мектеп қабырғасынан 50 түлек түлеп ұшқалы отыр. 

Мектеп вальсінің әуенімен, ұстаздардың құттықтауы және ата-аналардың ақ тілектері аясында түлектер өмірлеріндегі маңызды кезеңмен қоштасты. Көпшілік үшін бұл күн қуаныш пен толқынысқа толы болды. Алда — қорытынды емтихандар мен болашақ мамандықты таңдау міндеті тұр. Гимназия директорының айтуынша, оқу орнының түлектері жыл сайын Қазақстанның ғана емес, Ұлыбритания, Малайзия, АҚШ және өзге де елдердің беделді жоғары оқу орындарының студеттері атануда.

СНХ: ДИАНА РАХИМОВА, «БЭСТ» ГИМНАЗИЯСЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ

Түлектерге оқу, спорт және мектептің қоғамдық өміріндегі жетістіктері үшін алғыс айтылды. Ұстаздар шәкірттеріне емтихандарды сәтті тапсырып, армандарына нық қадам басуға тілектестік білдірді. Гимназияның ерекше мақтанышы — «Алтын белгіге» үміткер бес түлек. Солардың бірі — Ярослав Голентохин болашақ мамандығын әлдеқашан таңдаған. Ол өз өмірін ақпараттық технология саласымен байланыстырып, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне түсуді жоспарлап отыр.

СНХ: ЯРОСЛАВ ГОЛЕНТОХИН, ТҮЛЕК

Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысы мектептерін 3 927 он бірінші сынып оқушысы тәмамдайды. «Алтын белгі» иегері атануға 176 түлек үміткер. Сонымен қатар, 11-сыныптың 263 түлегі мен 9-сыныптың 454 оқушысы үздік аттестат алуға ниетті.