Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Шара барысында Астана қаласы мен бірқатар өңір әкімдері Президентке атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. Жалпыұлттық қозғалыс аясында елдің тазалығына үлес қосып жүрген белсенді еріктілер марапатталды.
Елорданың сол жағалауына көрік беріп, қаланың ажарын аша түскен «Самал» саябағы бүгінде тұрғындардың сүйікті орны. Ересектер көлеңкеде отырып таза ауамен тыныстаса, жастар велосипед теуіп, скейтбордпен сырғып мәз. Бүгін олардың қатарына экобелсенділер қосылды. Демалу үшін емес, қолдарына күрек алып, айналаны абаттандыру үшін.
СНХ: АҚНҰР ТҰРДӘЛИЕВА – ЭКОВОЛОНТЕР
Экобелсенділерге қосылып, Президент те саябақ аумағында ағаш отырғызды. Айналаны шолып, аумақта жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Осыдан екі жыл бұрын басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өз нәтижесін берді. Науқанға 6,5 млн адам қатысып, 2 млн тонна қоқыс жинаған, 5 млн түптен артық ағаш отырғызған. Биылғы жоспар да ауқымды.
СНХ: ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ – ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ
Бүгін Астанада ғана емес, ел көлемінде сенбілік өтті. Отандастарымыз қала, аудан, ауылдарын қоқыстан тазартып, көшет егіп, абаттандыру жұмысын жүргізді. Түркістан, Павлодар, Батыс пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдері мен экобелсенділері телекөпір арқылы елордамен байланысып, өңірлерде атқарылып жатқан жұмысты баяндады.
Соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2020 жылдан бастап ауылдарда 20 мыңға жуық тал егілген. Бұл табиғатқа жанашыр азаматтардың көбейгенін, қоғамда экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. «Таза Қазақстан» экоакциясының жалпыхалықтық қозғалысқа айналуы да соның айқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі – бұл қазір әлемге ортақ сын-қатерге айналды. Сондықтан тап қазір экологиялық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік мәселесіне парапар болып тұр. Халықаралық қауымдастық табиғатты қорғау мәселесіне баса мән беріп отыр. Қазақстан да осы бағытта нақты бастамалар көтеріп келеді. Кеше Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит соның бір көрінісі. Бүгінде еліміз «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртып жатыр. Мақсат – энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайту. Оған қоса жасыл энергияның үлесін арттыруға күш салынып отыр.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Табиғатты қорғау тек тазалықпен шектелмейді. Жануарлардың жайы да назардан тыс қалмауы керек. Президент қоғамда қызу талқыға түскен бұралқы иттердің де мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысы таяқтың екі ұшы бар екенін еске салып, түйткілге терең үңілуді тапсырды.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сонда ғана экологиялық мәдениет қалыптаспақ. Президент Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырды. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет. Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысып жүрген жастар мыңдап саналады. Солардың бірқатары бүгін Мемлекет басшысының қолынан марапат алды.
СНХ: ҚҰРАЛАЙ АЙМҰРАТҚЫЗЫ – ЭКОВОЛОНТЕР
«Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс. Оны халық санасына сіңіру маңызды. Президент жастарға тал егу, айналаны таза ұстау арқылы да елге пайдалы болуға, яғни ұлтқа қызмет етуге болатынын жеткізді.