Үкімет басшысы Олжас Бектенов Нью-Делиге жұмыс сапарымен барды. Президент тапсырмасы бойынша Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модимен екіжақты кездесу өткізді. Премьер-министр Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізіп, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығару бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 900 миллион доллардан асқан. Кездесу барысында тараптар бірқатар сала бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Одан соң Олжас Бектенов India AI Impact саммитіне қатысты. Халықаралық жиынға әлемнің 50-ден астам елінің мемлекет және үкімет басшылары мен IT сарапшылар, ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Премьер-министр саммиті аясында өткен пленарлық отырыста сөз сөйлеп, еліміздің жетістіктерімен таныстырды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 193 елдің ішінде 24-ші орында тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, онлайн-қызметтердің сапасы бойынша әлемдегі ең үздік ондыққа кіретінін жеткізді. Үкімет басшысы әлемдік технологиялық компанияларды озық технологияларды дамыту саласындағы ынтымақтастыққа шақырды.