СҚО Полиция департаментінде арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері Дарина Білденоваға құрмет көрсетілді. Ол Дубай қаласында өткен халықаралық UAE SWAT Challenge 2026 турнирінде «Tomiris» әйелдер құрамасы сапында ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің үздік арнайы бөлімшелері қатысқан байрақты бәсекеде қазақстандық команда әйелдер арасында топ жарып, үздік атанды. Ерлік пен кәсібиліктің жарқын үлгісін танытқан жауынгерді әріптестері мен басшылық салтанатты түрде құттықтады.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Дарина Білденова Дубай қаласында өткен халықаралық жарыста Қазақстанның «Tomiris» әйелдер құрамасының жеңісіне айрықша үлес қосты. 7–11 ақпан аралығында өткен турнирге әлемнің 48 елінен 109 үздік команда қатысты. Қазақстандық «Tomiris» командасы жалпы есепте 18-орынды иеленіп, әйелдер командалары арасында бірінші орынға көтерілді. Облыс әкімі атынан жауынгерді оның орынбасары Жүсіп Жұмағұлов шын жүректен құттықтап, жетістігін жоғары бағалады.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сайыстың бағдарламасы бес кезеңнен тұрды. Қазақстандық әйелдер командасы сынақтардан сүрінбей өтті. Халықаралық жарысқа дайындық алты айға созылып, қатаң тәртіппен өткен. Дарина Білденова турнирдің барлық күндерінде негізгі құрамда өнер көрсетіп, әлемнің ең мықты жауынгерлерімен тең дәрежеде күрделі тактикалық және атыс тапсырмаларды орындады.
ДАРИНА БІЛДЕНОВА – СҚО ПД АРНАЙЫ ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ ЖАСАҒЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ
Қызметкерге алғыс пен мақтау сөздері шын жүректен айтылды. Әріптестері, басшылық, спорт саласының өкілдері мен кәсіпкерлер оның жетістігін кәсібиліктің, табандылықтың және қызметке адалдықтың айқын үлгісі деп жоғары бағалады.