2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі іске қосылды. Ең басты жаңалық – кәсіпкерлерге арналған салық режимдерін жеңілдету. Бұрын жеті түрлі режим болса, қазір тек үшеуі қалды: өздігінен жұмыс істейтін адамдарға арналған жеңілдетілген режим, декларацияға негізделген арнайы режим және ауыл шаруашылығы мен фермерлік шаруашылықтарға арналған бөлек режим.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін қолдану басталған күн ретінде мобильді қосымшада алғаш чек жасалған күн есептеледі. Ақшалай емес төлемдермен жұмыс істейтіндерге қызметін жүргізу үшін бөлек ағымдағы шот ашу қажет. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 2 497 өздігінен жұмыс істейтін адам тіркелді. Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануды жоспарлап отырған жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың 28 ақпанына дейін хабарлама жіберуі тиіс. Әйтпесе, 1 қаңтардан бастап олар автоматты түрде жалпы салық режиміне ауыстырылады. Қазіргі таңда аймақ кәсіпкерлерінің 75%-ы өздеріне сәйкес салық режимін растап үлгерді.

АМАНЖОЛ ЖАҚАНОВ, СҚО БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ