2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен ортақ чаттардың жұмысы арқасында 39 қылмысты, оның ішінде 19 ұрлықты ашты. Ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері Солтүстік Қазақстан университетінің ғимаратында өткен кездесуде талқыланды.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев 2 наурыздан бастап «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» ҚР жаңа Заңы күшіне енетінін еске салды. Заңның 36-бабында мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының полициямен өзара іс-қимыл бағыттары нақты айқындалған. Бұл, ең алдымен, құқық бұзушылықтар туралы дер кезінде хабарлау, оның ішінде есірткі жарнамасы фактілері жөнінде ақпарат беру, интернет-алаяқтықтың алдын алуға жәрдемдесу.

Сондай-ақ төрағалар техникалық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал ете алады. Бүгінде Петропавлда 1227 көпқабатты үйдің тек 432-сінің кіреберістерінде бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажет. Жақсы жарықтандырылған аула мен жабдықталған кіреберіс ұрлық, тонау, вандализм және өзге де қылмыстар тәуекелін азайтады. Кездесуге Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова қатысты. Ол төрағалар мен полицейлер арасындағы тұрақты диалогтың жоғары тиімділігін атап өтті.

Жаңа заң қауіпсіздік тек полицияның функциясы емес, мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі деген қағидатқа негізделген. Полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алу — қоғам тұрақтылығына салынған инвестиция, Заң мен Тәртіпті нығайтудың маңызды тетігі екендігін еске салады.