Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында 26 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды. Өткен демалыс күндері бұл статистикаға тағы екі жол апаты қосылып, үш адам көз жұмды. Жолдағы өлім-жітімді азайту мақсатында полиция департаменті профилактикалық жұмысты күшейтті.
Патрульдеуге күшейтілген нарядтар шығарылды. Қызметке патрульдік полиция батальоны мен учаскелік инспекторлар ғана емес, аудандық бөлімдердің басшылары да тартылған. Аққайың ауданына қарасты, республикалық «Астана – Петропавл» тас жолы өтетін Астраханка ауылында жүргізушілерді Полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев пен жергілікті бөлім басшысы Пётр Климов жеке өзі тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай рейдтер өңірдің барлық аудандарында өткізіліп жатыр.
Марат Жұмалиев – СҚО ПД бастығының орынбасары
Ұсыныстар қарапайым, бірақ маңызы зор: жылдамдықты асырмау, көлік жүргізу кезінде телефон қолданбау, шаршаған немесе өзін жайсыз сезінген жағдайда міндетті түрде тоқтап, демалу.
Бақылау үшін полиция барлық қолжетімді құралдарды қолдануда: жарық маяктары бар патрульдік көліктердің муляждары, жаяу жүргіншілер мен жануарлардың макеттері, интеллектуалды бейнекамералар және тіпті квадрокоптерлер. Алайда тәжірибе көрсеткендей, ауқымды профилактикалық шаралардың өзі жүз пайыздық кепілдік бермейді. Жол-көлік оқиғалары әлі де орын алуда, өкінішке қарай, адам шығынымен. Полиция жол қозғалысына қатысушылардың барлығын барынша мұқият болуға шақырады.