Kozybayev University басшылығы мен Қытай Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық корпорациясы делегациясының кездесуі өтті. Делегация мүшелеріне университеттің жаңа корпусындағы зертханалар таныстырылды. Айта кеткен жөн бұл корпорацияның өңірімізге алғаш келуі.
Қараша айында университет Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы құрамында, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың жетекшілігімен Қытай Халық Республикасына барған болатын. Сапар барысында Пекин қаласында Хэнань ауыл шаруашылығы инвестициялық компаниясымен бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, цифрландыру, ғылымды қажет ететін әрі қызықты инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі тапсырмаларымен үндес келеді. Аталған жоба азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қолдауға бағытталған. Ал бүгін осындай сапармен Хэнань инвестициялық компаниясының делегациясы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне келді.
СНХ: ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ - М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОРЫ
Бұл жобада ғылыми сектордың рөлі ерекше, ол алдағы уақытта өнімді коммерцияландыруды көздейді. Яғни, қайта өңдеу өндірістерін құру, қосымша жұмыс орындарын ашу қарастырылған. Ербол Маратұлының айтуынша, бұл әріптестік тек екі ұйымның, атап айтқанда университет пен қытайлық серіктестердің дамуына серпін беріп қана қоймай, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына да қосымша мүмкіндіктер ашады. Жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен шамамен 30 гектар жер телімі айқындалған. Қазіргі таңда қытайлық корпорация аумақты қарап, жоспарларымен толық танысты. Енді олар бұл мәселені өз елдерінде талқылап, тиісті шешім қабылдайды.
СНХ: ТЯНЬ ЦЗЯНЬМИНЬ – ХЭНАНЬ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
Облыс әкімдігі жер телімін рәсімдеп, қажетті инфрақұрылымды тарту мәселелерінде толық қолдау көрсетпек. Атап айтқанда – инженерлік коммуникациялар, электр және су желілерін жүргізу. Ал компания өз кезегінде тікелей құрылыс жұмыстарымен айналысады. Бұл студенттерге арналған жатақханалар салу, шағын зертханалық ғимараттар тұрғызу, ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ барлық қажетті далалық және зертханалық жабдықтарды жеткізуді қамтиды.