Келер жылы еліміздің оңтүстік аймақтарында егістіктерге қажетті судың тапшылығы 1 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Үкіметте бүгін осындай болжам айтылды. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың сөзінше, Шардара су қоймасына келетін ағын су 43%-ға төмендеген. Ал Нарын-Сырдария каскадындағы қорлар былтырғы көрсеткіштерден 3,8 млрд текше метрге аз. Осыған байланысты премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдеріне қатаң тапсырма берді. Суару маусымының тұрақты өтуі үшін егістік алқаптарын реттеу шаралары қолға алынбақ. Мәселен суды пайдаланудың нақты мөлшері белгіленеді. Фермерлерге егіс құрылымын қайта қарастырып, суды аз қажет ететін дақылдарға көбірек мән беру ұсынылады. Сондай-ақ әр облыста ылғал сақтайтын инновациялық препараттарды сынау үшін тәжірибелік учаскелер бөлу жоспарланып отыр. Әр шаруа қожалықтың нақты қанша гектарға өнім егетіні алдын-ала белгіленеді. Егер ол межеден асып кетсе бір тамшы да су бермейміз деп ескертті Премьер-Министр.

СНХ: ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ